Елордада авиация саласындағы жүлде иегерлері анықталды

Елордада «Эн-Кью-Зет Авиейшн Эуордс» жүлдегерлері анықталды.

Астана әуежайының серіктес мекемелері 9 аталым бойынша марапатталды. Шара осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.

«Чайна Саузэрн Эйрлайнс» алғашқы рейсін ұшырғанына 35 жылға жуықтады. Ол 1989 жылы құрылған. Азиядағы ең ірі тасымалдаушылардың бірі болған авиакомпания, Астана әуежайы ұйымдастырған жүлдеде  екінші жыл қатарынан үздік атанып отыр. Ол «Адал серіктес» номинациясын иемденді.

Айнара Әли, “China Southern Airlines” авиакомпаниясының өкілі:

- Біздің авиакомпаниямыз Чайна саузэрн эйрлайнс 2 рет қатысып жатыр. Мұндай марапаттар осы әуе компания мен әуежай арасындағы серіктестікті жылдан жылға жақсартуға, жылдан жылға жақын жұмыс жасауға көмектеседі.

Астана әуежайының басқарма төрағасы Дәулет Хамзиннің айтуынша, бұл жүлденің өзіндік ерекшелігі бар. Оның мақсаты авиация саласының дамуына үлес қосу. Сондай-ақ серіктестер арасындағы ынтымақтастықты арттыру.

Дәулет Хамзин, “Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы” АҚ Басқарма төрағасы:

- Биыл «Скай траст» ұйымдастырған ТМД және Орталық Азия елдерінің арасындағы сайыста Астана әуежайы үздік атанды. Әрине бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш. Бірақ бұл  жерде тек өзіміздің ғана емес, серіктестеріміздің де үлесі бар. Сондықтан оларға да мотивация болсын деп, осындай жүлде ұйымдастырып отырмыз. Серіктестерімізге алғыс білдерімін!

Алдағы уақытта жүлдені дәстүрге айналдырып, жылда өткізу жоспарланып отыр. Жалпы Астана халықаралық әуежайында үш жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді.  Оның 100-ге жуық серіктес мекемесі бар.

Альмира Оразбай, Наурызбай Құрманғазы