Қ. Тоқаев: Даңқты отандастарымызды ұлтына қарамай шетелде қазақтар деп атайды

«Даңқты отандастарымызды ұлтына қарамай шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Солай болуға тиіс». Бүгін сессияда Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Сосын көк құжат пен көк байрағымыз хақында айтты. Екеуін де миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы деп бағалады. Еліміздің белгілі тұлғаларының пікірі де осыған ойысады.

Мемлекет басшысы аса маңызды екі ойды жеткізді: Оның бірі – көк түсті паспортқа иелік еткен барлық азаматтың теңдігі. Жырақта жүріп елдік намысты қолдан бермеген тұлғалы азаматтарымызды әлем халқы «қазақтар» деп атайды. Бүгінде еліміздің әрбір тұрғыны өзінің біртұтас ұлттың өкілі екенін ұғынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс.

Көк туымыз – көпғасырлық мемлекеттілігіміздің ажырамас нышаны. Дүниежүзілік додада оза шапқан дарабоздар байрағымызды жеңіс тұғырынан талай желбіретті. Қазақ ұлты намысты қолдан бермейтінін көшілікке дәлелдеп келеді. Бірнеше дүркін Олимпиада жүлдегері Ольга Рыпакова ұлттық құраманың киім үлгісі де тумен түстес екенін мақтан тұтады.

Ольга Рыпакова, олимпиада чемпионы: 

- Өзге елдердің спортшылары әрдайым біздің киім үлгімізді ұнатады. Түсі ашық, үйлесімді екенін айтатын. Сол уақытта мен әрқашан отансүйгіштік сезімге бөленіп, елімнің бір бөлшегі екенін түсінемін. Жарыста барымды салып, жеңіс тұғырынан көріну мен үшін үлкен абырой. Елім мен үшін барлығын берді.

Айман Мұсақожаева «Шабыт» өнер ордасының түлектері  әлемнің түкпір-түкпірінде лайықты құрметке бөленіп жүргенін айтады. Өнер ордасының шәкiрттері Еуропа, Азия мен Америка жұртшылығын шынайы талантымен тәнті етуде. Профессор әртіс үшін ұлттық өнерді дәріптеу – елге деген құрмет әрі зор мақтаныш, - деп есептейді.

Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:

- Бізді қазақ деп таниды. Қазақстаннан келіп мәдениетін көрсетіп бәріміз қай жерге барсамыз да Корнеги холға, Концерт хауста Вена, Берлин филармонияда концерт қойсамыз бәріміз де айтамыз. 25жылдың ішінде біздің жастарымыз Еуропа, Азия тағы да Америка құрама штаты бар жерде концерт берді. Қазақ та, ұйғыр да, неміс та бәріміз да біз қазақпыз. Біз Қазақстанда тұрамыз, өз елімізді көтеру керекпіз, өз әдениетімізді көрсету керекпіз. Команда болып шетелге шыққанда бізді көбі бірден танып, қазақтар деп атайды.

Тәуелсіздік жылдарында елімізді әлемге танытқан таланттар аз емес. Өнер, мәдениет, спорт шеберлері талайды таңдай қақтырды. Оларға елдің құрметі әрдайым ерекше.

Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің шеберлігі шартарапты сүйсіндірді. Әркез шаршы алаңға қазаққы шапанмен шыққанының өзі оның өзге емес, қазақ ұлтының өкілі екенін айғақтайды. Трипл Джи осыдан он жыл бұрын Ассамблея мінберінен сөйлегенде соны растаған:

Геннадий Головкин, кәсіпқой боксшы:

- Когда меня спрашивают о национальности, я говорю: Мой отец — русский, мама — кореянка, а мен — қазақпын!

Бұл – көк туды желбіретіп, қазақи рухты асқақтатқан тұлғалардың аз ғана бөлігі. Қазақ халқы ел намысын қолдан бермейтін, ұлтқа адал қызмет ететін перзенттерге кенде болған емес. 

Авторлары: Рухани Асқар, Мұрат Әріпханов