Жамбыл облысында халықаралық инвестициялық форум аяқталды

Бүгін Жамбыл облысында екі күнге созылған халықаралық экономикалық және инвестициялық форум жұмысы қортындыланды.

Ауқымды шарада шетелдік инвесторлармен 700 миллионнан астам АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойылды. Қалталылар аймақта жасыл энергетиканы дамытып, ірі цемент зауыты мен тамақ өнеркәсібі, логистика индустриялық парк секілді жобаларды жүзеге асырмақ. 

Халықаралық форумға келген қонақтар алдымен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын тамашалады. Көрмеге жамбылдық 150 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Ал Жамбыл облысына келген 7 ірі шетелдік тауар өндірушілері аймаққа 360 миллиард теңгеден асатын инвестиция салмақ.  Үндістан, Сингапур, Германия, Венгрия мен Қытай, Өзбекстан секілді бірқатар мемлекеттердің инвесторларымен облыс әкімі меморандумға қол қойды.

Шавкат Махмудов, өзбекстандық инвестор:

- Зауытты Шу ауданына салу арқылы Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдермен жұмыс істеуге мүмкіндік туып отыр. Металл өңдеуге бағытталған жобамыздың құны 154 миллион АҚШ долларын құрайды. Жыл сайын орта есеппен 500 мың тонна метал өнімдерін шығарамыз.

Аймақта алғаш рет өткен шараға мыңға жуық отандық және шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты. Форумда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және цифровизацияға басымдық берілді. Ұйымдастырушылар халықаралық шараның өңір экономикасын өсіріп, инвестициялық имиджін ілгерілетуде маңызы зор дейді.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

- 3 жылдың ішінде бізде үлкен 75 жобамыз бар. 2 триллион теңге біз жоспарлап отырмыз. 5 мыңнан астам жұмыс орындары ашылса деген. 10 ірі компаниялармен қазір жеке жұмыс істеп жатырмыз.

Жалпы Жамбыл облысындағы өнеркәсіптерде 45 мың адам жұмыс істейді. Айтылған жобалар жүзеге асса  мыңдаған жұмыс орындары ашылып, жылына жалпы 300 миллиард теңгенің өнімі өндірілмек.

Айта кетейік форум соңында облыс әкімі отандық және шетелдік инвесторлармен сондай ақ шараға арнайы келген өзге ел консулдарымен кездесті.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә