Ақтөбе облысы Мәртөк ауданын көптеген интернационал отбасы мекендейді

«Отбасы – шағын мемлекет». Мұны Ақтөбе облысындағы түрлі этнос өкілдері мекендейтін Мәртөк ауданы тұрғындары дәлелдеп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірлігі жарасқан жанұялар діні мен нәсілі, ұлты мен ғұрпына қарамай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстан халқы достығының да негізі отбасындағы бірлік пен келісімнен бастау алатынын байқауға болады.

Ұлты орыс Сергей Подковыров украин қызы Натальямен 17 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Көңілдері жарасқан жұп: "Осы уақыт аралығында бірде-бір рет тілге кеп көрмеппіз", - дейді. Отбасындағы бірлік пен берекенің алғышарты кез келген мәселені ақылдаса отыра шешуде деп біледі.

Наталья Подковырова, Мәртөк ауылы тұрғыны:

- Біздің отбасымызда «мен» деген ұғым жоқ. Себебі кез келген уақытта бірге шешім қабылдаймыз. Тұрмыстағы барлық міндетті қатар жүріп атқарамыз. Үйімізді жөндегенде де қатар жүріп жұмыс істедік. Сонда ғана жанұяда бірлік болады деп есептеймін.

Ерлі-зайыптының қызметі де бір. Екеуі де аудандық полиция бөлімінде еңбек етеді. Ондаған ұлт өкілдері тұратын Мәртөк ауылы үшін мұндай интернационал отбасы таңсық жайт емес. Тіпті тәртіп сақшыларының арасында да бірнешеуі бар.

Наталья Подковырова, Мәртөк ауылы тұрғыны:

- Таныс-тамыр мен жора-жолдастарымыздың арасында да аз емес. Орыс пен қазақ, татар мен украин ұлттарының ұл-қыздары бас қосып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұндай отбасыларында мереке де көп. Наурыз бен Жаңа жыл, Масленница мен Айт сияқты ұлттық мейрамдардың барлығын бірдей көңілді атап өту дәстүрге айналды.

Сергей мен Наталья ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Алексей қазақ тілді балабақшаға барып, бастауыш мектепті де мемлекеттік тілде тәмәмдаған. Жеткіншек қазір әкесі мен анасына қазақ тілін үйретіп жүр. Отбасы ондаған диаспора мекендеген, 100-ге жуық ұлт өкілдеріне пана болған Қазақстан халқы үшін мемлекеттік тілді меңгеру маңызды деп есептейді.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков.