Батысқазақстандық кәсіпкер гидропоникалық тәсілмен жасыл балауса дайындауды жолға қойды

Қалауын тапса қар жанар. Батысқазақстандық кәсіпкер Бейбіт Ирменов дәнді дақылдарды суда өсіруді, яғни гидропоникалық тәсілмен жасыл балауса дайындауды жолға қойды.

Кішкентай ғана жерде 100 бас малдың азығы қысы-жазы дайындалады. Осы арқылы сүт фермасынан алынар өнім 30 пайызға артқан.

Аграрлық саланың болашағы - заманауи технологияларда, өндіріс пен ғылымды ұштастыруда. Бейбіт Ирменов осылай ойлайтын жаңа буын фермерлердің санатынан. Ауылшаруашылығына келген 6 жыл ішінде ауқымды істерді қолға алыпты. Соның бірі Трекин ауылындағы сүт фермасы. Қаланың айналасында қашан да жер жетпейді ғой, 100 бас ірі қараның жайылымы небәрі 100 гектар екен. Сол себепті ол гидропоникалық қондырғыларды орнатып, мал азығын қолдан дайындауға көшіпті.

Владимир Нурдин, серіктестік қызметкері:

- Бидайды немесе арпаны суға салып, жуып, бір түн қалдырамыз. Содан кейін мынадай ыдыстарға бір келіден салып, жылы бокстарға қоямыз. Сол жерде 7 күнде 7 келі жарым болады. Сосын аламыз да пышақпен кесіп, малға береміз.

Жылы ауа босқа кетпес үшін ғимараттың төбесі аласа болуы тиіс. Жылыту жүйесі еденнің астымен жүргізіледі. Ауа температурасы 15-18 градус. Су озондық өңдеуден өтеді. Бар құпия - осы. Сонда күн сайын 280 келі арпа 2 тонна мал азығына айналады. Бір сиырға осындай 20 келі жасыл шөп беріледі, 20 литр сүт сауылады. Күйіс қайыру үшін 2-3 келі салса жеткілікті. Ал жем  мүлде берілмейді.   

Бейбіт Ирменов, кәсіпкер: 

- Мына жерде мысалы көк шөп. Біздер қазақтар майский майды мынадан жасаймыз шөптен. Негізгі пайдалы жері – міне, протейн. Мына жерде витамин. Жеті күнде 38 элемент осы жерде болады. Егер 8-9 күнге кетсе мына жері азаяды да, барлығы жоғары кетіп қалады. Сондықтан 7 күн ең идеалды. Сосын қорытылуы 98%.

Шаруашылықты балалары жүргізгенімен, оларға кеңес беріп, бағыттап отыратын қожалық жетекшісі Мүтиғолла ақсақал. 90-дағы қария ұзақ жылдар мал маманы болып еңбек еткен. Бұрынғыдай силос жасауға қарағанда гидропоникалық тәсілдің тиімді тұстары көп, - дейді ол.

Мүтиғолла Ирменов, қожалық жетекшісі:

- Силос шабу керек, тапау керек. Қанша солярка шығын керек. Мынау іштен рахат. Пайдалы нәсте, малға пайдалы, жұғымды.  Малдың сүті тілінде ғой тамақты жақсы ішсе сүтті көп беереді деген сөз. Бұрын  осында отруп, пішен беріп жүрдік. Былтырдан бері осыны пайдаланып жүр.

Жақсыны көрмекке деген. Күні кеше Бәйтерек, Теректі ауданының қожалық жетекшілері шаруашылыққа арнайы келді.

Әнуар Дияшев, қожалық жетекшісі:

- Екі жыл болды гидропоникамен айналысамыз деген жоспарларымыз бар. Жақсы жері қыста да, жазда да жасыл азық бересің ішінде витамин көп болады. Сүт көп болады. Сауын сиырға да беруге болады, бордақылауға да беруге болады, бұзауларға да берсең де қыста да витамин көп.

Жиналған шаруалар келешекте гидропоникалық технологияны қолға алғандарға қолдау болса, демеуқаржы қаралса дейді. Өйткені тәулігіне екі тонна өнім өсірілетін құрылғының құны 40 млн екен. Оны орнатуға кез келген қожалықтың шамасы келмесі анық.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмұдов, Э. Аюпов