Даңқты отандастар: Шетелде бізді қазақтар деп атайды

Даңқты отандастарымызды ұлтына қарамай, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Солай болуға тиіс. Ассамблеяның алқалы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген еді.

Бұл сөзді SilkWayRally-2016 ралли-марафонының чемпионы Денис Березовский растап отыр. Астана мотор спортс командасының мүшесі Дакар сынды марафондарда ел намысын абыроймен қорғап келеді. Мінген көлік те, киген форма да еліміздің туы секілді көк түстес. Қарсыластар естелік ретінде бас киімді немесе қолғапты сұрайтын, - дейді Денис Берозовский.

Денис Березовский, SilkWayRally-2016 ралли-марафонының чемпионы:

- Біз әрдайым өзгелерден қонақжайлылығымызбен ерекшеленетінбіз. Демалыс күндерінде қазан-ошағымызды алып, ет асып, кішігірім той жасаймыз. Оған жарысқа қатысып жатқандарды түгел шақырып, еліміздің дәстүрлерін айтатынбыз. Кейін бізді көргеннің бәрі өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, көруге әрдайым қуанышты екендіктерін жеткізетін. Шетелде, даңқы жарыстарда сені, еліңді танып жатқанда бойыңды қуаныш сезімі кернейді.

 

Даңқты отандастарымыз спортта ғана емес, сонымен қатар кино саласында да бар. Голливуд пен Боливуд арасында жүрген Nomad stunts каскадерлар тобына деген сұраныс қазір жоғары. Топтың жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновтың айтуынша, танымал режиссерлер біздің елдің жігіттерін әрдайым өз картиналарында көргілері келеді. Себебі қиын деген трюктерді, шайқасты қазақстандық каскадерлер асқан шеберлікпен орындай алады.

Жайдарбек Күнғожинов, Nomad stunts тобының жетекшісі:

- Былтыр біз режиссер Ридли Скоттпен бірге «Наполеон» атты фильмде жұмыс істедік. Бұған тек бет әлпеті еуропалық болатындар ғана қатысу керек еді. Біз азиялықпыз. Дегенмен де картинада жұмыс істеуге шақырды. Биыл да Румынияға командамызбен ат үстіндегі трюктерді орындауға барамыз. Бұл бізді батыстық кинематографтар қалай қабылдайтындығының көрсеткіші деп білуге болады. Жалпы біздің топта қырғыз, украин, әзербайжан, түрік сынды көптеген ұлт өкілдері бар. Шетелде бізді бәрібір қазақтар дейді.