Петропавлда саябақтар құрылысы тоқтап тұр

Петропавлда бірнеше саябақтың құрылысы басталғанмен, аяқталмай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл аумақтар 2 жылдан бері жайрап жатыр.

Қазіргі күйі жарым-жартылай, қаланың сиқын бұзып тұр. Ал бұл құрылыстар қашан бітеді?

Бұл жер бұрын бос жатқан. 2021 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, саябақ салына бастады. Бірақ сол күйі бітпей тұр. Ал қыстың күні жылу құбыры жарылып, тас төсеніштер қопарылып қалған.

Алексей Трифонов, қала тұрғыны:

- Жер астындағы құбырды жылда қазып жөндейді. Міне, тас төсеніштерді алып, орнына қоймай кетті. Бұл – бір. Екінші мәселе, ауламызда көлік қоятын жер жоқ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл – қаладағы бітпей тұрған тағы бір саябақ. Міне, бәрі орта жолда қалған. Құрылыс материалдары шашылып жатыр. Күн жылынса да, жұмыс істеп жатқан тірі жан жоқ.

Бұл бұрын көліктерге арналған кең көше болатын. Қазір жартысын саябақ алып, жүргізушілерге қиын болды. Жұмыстың созылып кеткеніне тұрғындар да наразы. Ал билік өкілдері, керісінше, оларды тыңдап, кешігіп қалдық деп отыр. 

Эльмира Сәдуақасова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Тұрғындардың айтқан пікірін ескеріп, осы жобаға өзгерту енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл учаске екіге бөлінеді. Бір жағы автокөлік үшін жол болады, екінші жағы сквер болады.

2 саябақ бір көшенің бойында салынып жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, демалыс орындары биылдан қалмай пайдалануға беріледі.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбекоы.