Маңғыстау облысында жүк көліктерінің жүргізушілеріне ескерту жасалды

Маңғыстау облысында прокуратура қызметкерлері жүк көліктерінің жүргізушілерімен кездесіп, оларға ескерту жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құзырлы орган өкілінің айтуынша, заңсыз митинг өткізген және оған барған тұлғалар 25 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Қазір әлеуметтік желіде аймақтағы жүк көліктерін тізгіндеген азаматтарды наразылық акциясына қатысуға шақыратын бейнежазба таралып жатыр. Мәселен, мына кадрде Бейнеу тасжолында әлдекімдердің жүк көлігін тоқтатып, жүргізушіге сес көрсеткені анық көрінеді. Елде жанар-жағармай бағасы қымбаттауына қатысты заңсыз акцияға қатысуға күшпен көндіруге тырысқан. Алайда әлгі азамат олардың сөзіне құлақ аспай, сапарын жалғастырды. Бүгінде прокуратура жалған хабарлама таратушыларды іздестіріп жатыр.

Мерген Меңдіғалиев, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:

- Бұл азаматтармен прокуратура, сонымен қатар уәкілетті органдармен бірлесе отырып, бірнеше рет ескерту жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде прокурорлық қадағалау актісін ауызша да, жазбаша да бірнеше рет ескертіп, ұсынған болатын. Бұл азаматтар жергілікті атқарушы органнан ешқандай да рұқсат алмаған. Сондықтан олардың жиналуы заңға қайшы болып табылады.