Күштік құрылым қызметкерлері жауынгерлік қарудан оқ атып жарысты

Жамбыл облысында күштік құрылым қызметкерлері жауынгерлік қарудан оқ атып жарысты.

Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған сайыс Айша бибі полигонында өтті. Шара Ұлы Отан соғысының қатысушысы,  397 фашистің көзін жойған қазақ мергені Төлеуғали Әбдібековты еске алуға арналды. Жарысқа «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлім мен ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұлан мен Полиция департаментінің командалары қатысты. Сонымен қоса қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері де ат салысты. Жалпы құрылымдар арасындағы сайыста 100-ден аса құқық қорғаушылардан құралған 15 құрама бақ сынады.

Қалдина Омарқұлова, ҰҚК шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің офицері:

- Мен өте қуаныштымын бүгін мынандай жарысқа қатысып отырғаныма. Өйткені осындай жарыста біз тек қана осы әскери қызметшілер әр түрлі құрылымдық бөлімшелердің әскери қызметшілері осындай бір полигонда, бір алаңда жинала аламыз. Бұл жерде біз өзіміздің әскери достығымызды, өзіміздің кәсіби шеберлігімізбененен білгірлігімізді нығайта аламыз.