Түркістан облысы көкөніс саудасын қыздырды

Мақтаарал мен Жетісай ауданында ерте пісетін көкөніс дақылдары сауда сөрелері мен экспортқа жөнелтіле бастады.

Қазір мұндағы алқап басында тіршілік қайнап жатыр. Диқандар қырыққабат теріп жатса, үй іргелік жылыжайларда қызанақ пен қиярдың саудасы қыза түскен.

Жетісай ауданындағы Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары үй іргелік жерді тиімді игерудің шебері десе де болады. Себебі мұндағы әр үйдің ауласы жайқалып тұр. Көкөністен көз тұнады. Бос жер жоқ. Барлығының ауласында шағын жылыжайы бар. Жергілікті диқан Бахадир Булишев ауласындағы 5 гектар жерге жылыжай ашып, қияр өсіруде. Күніне 110-120 келі өнім алып, базарға 500 теңгеден өткізетінін айтады. Мамыр айының аяғында жерді қайта аударып, екінші өнімге дайындайды.

Бахадир Булишев, диқан:

- Жайын дайындап, тыңайтқыш беріп, қыркүйекте қызанақтың көшетін егіп, желтоқсанда дайын болады.

– Бұдан басқа тағы не егесіз?

– Көшет егеміз, басқа жақта жылыжаймыз бар. Жүз мың баклажан және 50 мың болгар бұрышының көшетін егеміз. Ауылға сатамыз.

Осылайша ауыл тұрғындары алысқа бармай-ақ ауласындағы шағын алқаптан да көл-көсір пайда тауып отыр. Жалпы биыл оңтүстікте ауа райы қолайсыз болды. Соған байланысты көктемгі дала жұмыстары да жылдағыдан 1 айға кеш басталды. Мақтаарал ауданына қарасты Атакент ауылының диқандары 400 гектарға қырыққабаттың ерте пісетін сортын еккен. Қазір шаруалар орамжапырақтың әр келісін 165 теңгеден саудалап жатыр. Өткен жылы 130 теңгеден өткізген.

Сейсенбай Мұсылманқұлов, диқан:

- Ақтөбе облысына кетіп жатыр.

– Гектарына қанша тонннадан алып жатырсыздар?

– Гектарына шамамен 30 тоннадан айналады деп отырмыз. Есеп бойынша гектарына 30-35 тоннадан беру керек. Бұлар ерте пісетін сорт болғандықтан көлемі кішірек болады. Салмағы азырақ болаы. Кештеу пісетіндері ауырлау болады. 40-45 тонна, одан кеш пісетіндері 60 тоннаға дейін береді. 

Биыл Мақтааралдық диқандар 1900 гектар жерге ерте пісетін көкөніс дақылын еккен. Мамандар ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары екенін айтады.

Талғат Көленов, Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 2 аптада 100 тоннадай өнім шығарып қойдық. Бұл енді ресейге, ТМД елдеріне, алыс шетелдерге де кетіп жатыр. Осы мына ерте егілген 400 гектар капуста мен 400 гектар бақша дақылдары елді, солардың барлығының орнына 800 гектардай тағы да екінші өнім егіледі.

Диқандар енді аз күнде екінші өнімге қауын-қарбыз, қызанақ-қияр және мақта дақылдарын егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда бір алқаптан екі, үш рет өнім алады. Мамандар бұл нарықтағы көкөніс бағасының тұрақты болуына да өз септігін тигізетінін айтады. Жалпы биыл Жетісай мен Мақтаарал ауданының диқандары 140 мың гектар алқапқа егіс егуді жоспарлап отыр. Ал Түркістан облысында 860 мың гектар жерге дақылдар отырғызылмақ. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш