Елде суармалы жерлерге су жіберу мәселесі талқылануда

Биыл да суармалы жерлерде су аз болады деп күтілуде.

«Қазгидромет» пен «Қырғызгидромет» осындай болжам жасап отыр. Себебі, тауларда қар суының қоры аз жиналған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік қазір   алдын ала болжамдық талдау жасады. Енді шаруаларға ылғал сүйгіш дақылдардың орнына, суды көп қажет етпейтін дәндерді егуді ұсынып отыр. Айта кету керек, елімізде 1,6 млн гектар суармалы жер бар. Қазақстандағы егіс алқаптарының басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарына тиесілі. Сонымен қатар, көршілес елдермен су-энергетикалық ынтымақтастық бойынша жұмыстар жүргізілді. Биыл Қазақстан-Өзбекстан-Қырғызстан елдері арасында вегетациялық кезеңде Тоқтоғұл су қоймасынан су ағызуды қамтамасыз ету кестесі бекітілді.

Ғалидолла Азидуллин, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі

- Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Сырдария өзенінің бассейні бойынша өңірдің басқа өзен бассейндері сияқты суы аз кезең үрдісі сақталуда. Өткен вегетация аралық кезеңде Шардараға ағын 2231 млн м3-ке болжамды мәндерден артық болды. Соның нәтижесінде Шардара су қоймасы мен Көксарай конррегуляторы жобалық мәнге дейін толтырылып, Қызылорда облысының көл жүйелеріне, сондай-ақ жайылымдық, шабындық жерлерге су беру жүзеге асырылған болатын.