ШҚО-да екі бірдей ауылда интернет жоқ

Жергілікті жұрттың шағымына ақыры құлақ асар жан табылмады. 

Болмаған соң ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен мектепке арнайы құрылғы орнатылған. Сөйтіп әзірге оқушылар мен мұғалімдер ғана ғаламтордың игілігін көріп отыр. 

Убинка және Жаңа Убинка ауылдарына біздің түсірілім тобы бір емес, бірнеше рет барды. Ғаламтор желісіне жарымай отырған жұрт шағымын жеткізді. Бірақ баяғы жартас, сол жартас.

Ақыры кәсіпкерлер шыдамай іске өздері кірісті. Шаруа қожалығының жетекшілері қымбат құрылғы орнатып, мектепті ғаламтормен қамтамасыз етті. Содан бері интернетте ісі болған ел мектеп жақты жағалайды.

Любовь Таничева,  Жаңа Убинка орта мектебі директорының м.а:

- Демеушілерге ризамыз. Арнайы құрылғы орнатып оқушылар мен ұстаздарға үлкен көмек көрсетті. Алайда бұл барлық ауылға жетпейді.

Көштен қалған ауылға  байланыс операторы мен әкімдік бірігіп антена-діңгегін орнатыпты. Одан тараған желі жұғым болмай қалды. Любовь Макешина қай жерде интернет қалай екенін жақсы біледі. Сол үшін телефонына арнайы қосымша жүктеп алған.  

Любовь Макешина, ауыл  белсендісі:

- 3G кейде ұстап тұрады, содан аяқ асты жоқ болып кетеді. Орталыққа қарай барсаң көп-көрім, ал алыстай берсең, тағы да интернеттен көз жазып қаласың. Қысқасы, бұл антеннадан еш қайыр жоқ.

Салалық мамандар түйткілді жайттан хабардар. Биыл интернет қызметін ұсынған компанияға сапасыз жұмысы үшін 5 млн теңге айппұл салынған. Енді діңгекті антеннадан бас тартып, оптикалық талшықты технологияға көшпек.

Рүстем Досқожа, ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы: 

- Осы Жаңа Убинка және Убинка ауылдарын жоғары жылдамдықтағы ғаламтормен қамту үшін "Қазақтелеком" мекемесіне сұраныс жібердік. Алдымен оптикалық талшықты әдісті қолдану үшін техникалық шарттарды біліп алуымыз керек. Қаржыландыру сұрағы да қарастырылып жатыр.

Облыста әлі екі жүзге жуық ауылды мобильді ғаламтор желісімен қамту сұрағы тұр. Биыл 16 елді мекенге цифрлы технология жетістігі жетеді деген жоспар бар. Бұл бағыттағы жобаларға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Дмитрий Пыхтин