Биыл Қостанай облысында 24 ауылға ауызсу жетеді

Биыл Қостанай облысында 24 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.

Одан бөлек 8 елді мекенде суды тазартып, тарататын пункт орнатылады. Жыл аяғына дейін халықты тіршілік нәрімен қамту бойынша 34 жобаны іске асыру міндеті тұр. Бұған бөлінетін қаржы да қомақты. Бірақ сол бюджеттен берілген ақша кейде дұрыс игерілмейді. Мысалы, былтыр 370 млн теңге қазынаға қайтарылған. Соның салдарынан Ұзынкөл, Қостанай, Федоров аудандарындағы  бес ауылға ауызсу жетпей қалды. Биыл бұл мәселе ерекше бақылауға алынады.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Бүгінде кейбір аудандарда әлі конкурстық рәсімдер өткізілмеген. Міне, Лисаков, Қарасу, Федоров та әлі конкурстар бітпеген. Бұл жағдайды дұрыстаңдар, уақыт созылып кетті. Сондықтан күзге таман немесе жылдың аяғына таман жұмыс бітпей қалмасын. Енді бұны қарқынды жұмыспен қалпына келтіру керек.