Күршім ауданында өзенге көпір салу керектігін дәлелдейтін оқиға болды

Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданында ауыр жағдайда түскен жүкті әйелге медициналық көмек көрсету үшін түн ортасында паромды іске қосуға тура келді.

Өйткені облыс орталығынан жедел түрде білікті мамандарды және қан жеткізу керек болған.

Әйтпегенде баланың ғана емес, анасының да өмірін арашалау мүмкін болмас еді-дейді ақ халаттылар. Бұл жағдай Бұқтырманың үстімен өтетін көпір құрылысының қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдеді.

Ауыр жағдайдағы жүкті келіншек перзентханаға акушер-гинеколог Замира Мырзахметованың кезекшілігінде түсіпті. Бала жолдасының ажырау диагнозы қойлады. Шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданады. Алайда көп қан жоғалту қаупі оның үстіне ол теріс резусты болғандықтан қаладан дәрігерлер тобы мен қан қорын алғызу керек болған. Әр секунд санаулы еді дейді гинеколог. Өскеменге тікелей жол жоқ. Түнде тікұшақ ұша алмайды, паром да қатынамайды. 

Замира Мырзахметова, Күршім аудандық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері:

- Бізге екі адамның өмірі яғни ана мен баланың өмірі болғандықтан, ондай жағдайда бізге жедел шешім шығаруға тура келді.Сол күні сол күні түннің ортасы болса да 12.00 де паромды жүргізу және облыстан келген дәрігерлерді,қанды жеткізу өте маңызды болды.Соның арқасында әйелдің өмірін алып қалдық деп ойлаймыз.

Ескі паромдар осыған дейін де талай рет жедел жәрдемнің рөлін атқарған дейді паром басқарушысы Қадылбек Жармұхамбетов. Өткен жылы  тағы бір жүкті келіншекті арғы жағаға жеткізіп үлгеріпті. Өлкеде болған алапат өрт кезінде де тәуліктеп жұмыс істеген. 

Қадылбек Жармұхамбетов, паром басқарушысы:

- Бұл сияқты жағдай  көп болды бізде былтыр да Күршім ауданында болған. Сонда да қанша машинаны түнімен таң атқанша өткіздік ұйықтамай отырып. Паромды қосу үшін 1-1,5 сағат уақыт керек, оның айналымына шығу керек, электричествосын бәрін.

Бұл жағдайлар Бұқтырманың үстімен өтетін көпір құрылысының уақтылы аяқталуы өлке үшін де, өмір үшін де маңызды екенін айғақтайды.Қазір мұндағы жұмыс қарбалас. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мінеки біз Бұқтырманың қақ ортасымен салынған уақытша көпірдің үстінде келе жатырмыз. Ар жақ жағадан 130 метрден астам салынып бітсе,бергі жағалаудан 530 метрден астамы аяқталған. Сонымен бірге негізгі көпірдің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Жиырма бір тірек болатын болса, соның қазір  жетеуі аяқталған. Енді екі жағадан екі екіден 4 тірек  көтеріліп жатыр. 

Құрылыс басшысы Нигматулла Абдулхақовтың айтуынша егер қаржыландыру үзілмесе көпір де уақытында салынады. Өйткені материалдарға алдын-ала төлем жасаған жөн.

Нигматулла Абдулхақов, көпір құрылысының басшысы:

- Барлығы қаржыға байланысты. Материалдар Ресейден алынады. Оларға  100 процент алдын ала төлем жасау керек. Біздің тапсырыс дайындалады, жеткізіледі. Оның барлығы уақыт алады. Қазір кестеден қалып жатқанымыз жоқ. Бәрі өз уақытымен істелуде. Бірақ бұның өзін мен баяу деп есептеймін. 

1300 метрлік бұл көпір екі жылдан соң қолданысқа берілуі тиіс. Осыған дейін 20 миллард 500 миллион теңге  игерілді. Биыл 15 миллиард теңгеге өтінім беріліпті. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов