Қ. Тоқаев мемлекет қауіпсіздігін қорғауға атсалысып жүрген барша азаматқа алғыс айтты

Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтады. Ол қос мерекенің Отан үшін от кешкен аға буын мен егемен елдің сарбаздары арасындағы сабақтастықты білдіретініне назар аударды. «Мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу керек деп санаймыз. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Барлық жағдайға сақадай сай болуымыз айрықша маңызды», – деді Мемлекет басшысы. Президент сөзін қорытындылай келе, ел тыныштығын, мемлекет қауіпсіздігін қорғауға атсалысып жүрген барша азаматқа алғыс айтты.

Цитата:

Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық. Біз ұлан-ғайыр жерін жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз. Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы