Шымкентте 9600 абонент жарықсыз қалды. LIVE

Шымкентте қатты жел тұрып 9600 абонент жарықсыз қалды.

Қазір 32 шағын ауданның тұрғын үйлерін орталық жарық жүйесіне қайта қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бүгін аймақта күн ашылып, желдің екпіні басылғанымен оның салдарымен күрес әлі де жалғасып жатыр. Мен қазір төтенше жағдайлар департаментінің кезекті авариялық құтқару тобымен бірге Желтоқсан көшесіне жеттім. Мұнда екпінді желге шыдас бермеген көпқабатты тұрғын үйдің шатыры орнынан босап, құлауға шақ тұр.

Қазір Төтенше жағдайлар департамертінің мамандары аумақты қоршауға алып, 120 шаршы метрді қамтитын шатырды жерге түсіру үшін жұмылды. Алайда тұрғындар құрылысшыларды күтіп, бірден жөндеу жүргізгісі келеді. Тұрғындардан бір тәулікте жедел желіге осы сарында өтініш-шағымдар көптеп түскен. Мәселен көпқабатты тұрғын үй ауласында ағаш-бұталардың сынуы мен үйлердің қасбеті бүлінгені айтылды. Сондай-ақ Бозарық, Жалын, Сәуле, Қызылжар және Игілік шағын аудандарында электр жарығы сөніп, тұрғындар тәулік бойы жарықсыз отырды. Энергетикаға жауапты мамандар жаңа ғана ақау толық жөнделіп, баспаналар жарыққа қосылғанын хабарлады. Ал сайрам тұрғын алабында орналасқан 900 ден астам абанентті электрге қосу әлі де жалғасып жатыр. Осы жағдайларға қатысты Төтенше жағлайлар департаментінің өкілдерінің пікірін жазып алған едік. Назарларыңызға ұсынамыз.

Ирисмат Махмұтов, қалалық ТЖД бөлім бастығы:

- Үш шақыртуды айтатын болсақ ол жерде екі үйдің фасады құлап кетіп, халыққа қауіп төнуі мүмкін еді. Соны біздің жеке құрам орнында жойып, қатыру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар бір мекен жай бойынша тал жеке көліктің үстіне түскен. Сол жерде де авариялық құтқару жұмыстары жүргізілген.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бүгін қалалық білім басқармасы сегізінші сыныпқа дейінгі оқушыларды онлайн оқу форматына көшірді. Өйткені қазгидрометтің дауылды ескертуі бойынша алтыншы мамырға дейін желдің екпіні сақталып, секундына 25 метрге дейін жететіні айтылып жатыр. Сәйкесінше салаға жауаптылар сақтық шараларын қатаң сақтануға шақырады.