Түркістан облысының 6 ауданын қалың шіркей басты

Түркістан облысының Арыс, Отырар, Шардара сияқты бірнеше ауданында шіркей қаптап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елді мекен тұрғындары жәндікке таланып жатырмыз деп дабыл қағуда. «Күн ысыса зиянкестер көбейіп, жұрт далаға шығудан қалдық», - дейді. Қанатты жәндіктер тіпті жаңа туған төлдерді шағып, ел өріске мал шығарудан қалғандарын айтады.

Көксарай ауылының тұрғындары 1 айдан бері шіркейден қорғану үшін мынадай тор бас киім киюге мәжбүр. Сәуір басталғалы көрген күніміз осы, - дейді зиянкестерден зәре-зап болған жұрт. Тіпті күндіз көшеге шығудан қалған. 10 жылдан бері шіркеймен алысып келетіндерін айтады. Шіркей тек адамдарға емес, үй жануарларына да орасан зиян келтіріп жатқан көрінеді.

Жанат Нәденова, Көксарай ауылының тұрғыны:

- Сиыр сауып болғанша кәдімгі шиқан боламыз қып-қызыл. Далаға шығу жоқ қазір. Кішкентай немерелерімізге есікті құлыптатып отыратын болдық.

Шіркейге таланған тұрғындар бала-шағаласымен аурухана жағалап жүр. Солардың бірі Гүлжан Зұлпыхарова. Ол немерелерімен бірге жарадан көз ашпай қалғанын айтады. Себебі шіркей шаққан жерлер жара болып кеткен.

Гүлжан Зұлпыхарова, Көксарай ауылының тұрғыны:

- Шағып, ойда-қырда біртіндеп көбейе береді. Сосын кейін мына тамырларға түйін тастайды біртіндеп. Сосын сол біртіндеп түйін тастағаннан кейін, мынаның барлығы жарылды ғой.

Отырар ауданының тұрғындары осыдан енді шіліңгір шілдеге дейін азапты күндерді кешетіндерін айтады. Ал жауаптылар болса зиянкестерге қарсы күрес бір ай емес, бір аптаға ғана кешеуілдегенін мойындады.

Нұрсұлтан Жарасов, Отырар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Отырар ауданында алдын-ала белгіленген 8 елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оған қосымша тағы 5 ауыл округі белгіленіп, сәуір айының аяғына дейін залалсыздандыру жүргізіледі. Енді шіркейге әсері міндетті түрде болады. Себебі ол ошақтары залалсыздандырылып жатыр.

Жауаптылар қазір өңірдегі 6 ауданда зиянкестердің шыққан ошақтары анықталып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Нәтижесінде шіркейлерден бір апта ішінде құтыламыз, - дейді.

Ермен Қайрат, мердігер мекеме директорының орынбасары:

- Осы 1 жұманың ішінде азаяды. Себебі біз 3 рет дәрілеп жатырмыз. Бүгінгі таңда осы жерге жиналдық бәріміз. Осы кісілердің мен арнайы брифингке жинап алып келдім. Сырдарияның бойында шлюздерден су көп жіберіліп жатыр. Демек биологиялық дәріні 2-3 есе көп тастаймыз.

Шіркейлердің арасында жұқпалы ауру туғызатын түрлері де анықталған. Ал табиғат жанашырлары шіркейлердің көбеюі табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан дейді. Бұл мәселе арнайы зерттеліп, біржола құтылу жолдарын таппасақ жыл сайын зиянкестермен күресуге қыруар қаржы жұмсауға тура келетінін айтады.

Жалпы Түркістан облысында соңғы 10 жылда 1 млн-нан астам адам шыбын-шіркейден зардап шеккен. Ал аудан тұрғындары соңғы 10 жылда көзі жойылмаған шіркейден біржолата құтыламыз дегенге сенбейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.