Алматыда еңбегі елеулі әскерилер марапатталды

7 мамыр – Отан қорғаушы күні Алматыда да аталып өтті.

Таңсәрімен сапқа тұрған сарбаздар Халық қаһарманы, еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің алдына гүл шоқтарын қойды. Мерекелік шараның негізгі бөлігі 28 гвардияшылар-панфиловшылар саябағында жалғасты. Елі үшін еңбегі сіңгендер марапатталды.

Отан қорғаушылар күні мерекесі әнұранмен басталды. Әрмен қарай мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алды. «Сарбаздардың ерен еңбегін айту, ерлігін ұлықтау азаматтық қоғамның парызы» дейді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев. 

Арман Қырықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Мемлекет басшысы осы әскери бөлімдерде біздің құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүрген азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы, жалпы олардың заман талабына сай болу жөнінде жақсылап айтты. Біздер осы сіздердің адал еңбектеріңіздің жемісті болуы үшін барша жағдайды жасауға қолымыздан келгенше тырысып бағамыз, мерекелеріңіз құтты болсын! 

Шара барысында екі әскери қызметші ІІ дәрежелі «Айбын» және «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Тағы бірқатары қорғаныс министрінің алғыс хаттарын алды. Ал қала әкімі Ерболат Досаевтың алғыс хаты құқық қорғау және арнайы органның 10 өкіліне табысталды. 

Раджан Жанысов, ҚР ҚК десанттық шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары:

- Ақсақал ардагерлеріміздің арқасында тәуелсіз елде бақытты өмір сүріп жатырмыз. Біз қарулы күштеріміздің бүгінгі буыны отан алдымыздағы борышымызды адал атқаруымыз керек. Қазақстан Республикасының қарулы күштері жоғары бас қолбасшының бұйрығын бұлжытпай орындауға әрқашан дайынбыз.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары шеберліктерін көрсетті. Қазақ эстрадасының жұлдыздары патриоттық ән айтып, отан қорғаушыларды төл мерекесімен құттықтады.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев