Семейде «Халық Қаһарманына» құрмет көрсетілді

Жеңіс мерекесі қарсаңында семейлік соғыс және еңбек ардагері Әбдіғали Қаймолдин Президент Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағына, сонымен қатар айрықша ерекшелік белгісі Алтын жұлдыз бен «Отан» орденінің иегері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

102 жастағы қарияға мәртебелі марапатты Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев салтанатты түрде табыс етіп, айрықша құрмет көрсетті.

Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы бұрынғы Абыралы ауданында дүниеге келген. 20-ға толар шағын шағында сұрапыл соғысқа аттанып, 1941-1945 жылдары Сталинград, 1-інші Украина, 1-інші Беларусь және 3-інші Балтық майдандарында шайқасты. Қаһарман қария «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Облыс әкімі:

Өзіңізді құттықтап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, еліміздің бостандығы жолындағы азаматтық және жауынгерлік ерлігіңіз үшін «Халық қаһарманы» атағын табыстауға рұқсат етіңіз.

Ардагердің құрметіне әскери оркестр өнер көрсетіп, сұрапыл соғыс жылдарының әйгілі әндерінен үзінді орындады.

Әбдіғали Қаймолдин, «Халық Қаһарманы»:

- Иә, Құдайым оңдасын, қызыр қолдасын. Халқыма тыныштық берсін.  

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Қаймолдин Әбдіғалиға Президент Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы беріліп отыр. Бұл біз үшін де, күллі Абай елінің ардагерлеріне жасалған ерекше құрмет деп ойлаймын.

Облыс әкімі соғыс ардагері Екатерина Краснянская мен тыл ардагері Әбдуәли Имахановтың да үйіне барып, құрмет көрсетті. Жеңіс күні қарсаңында Абай облысындағы көзі тірі 12 майдангерге 1 жарым миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.