Ақтөбе облысында күре жолда жайылған малдың кесірінен апат жиіледі

Ақтөбе облысында ірі қараға жарыққа шағылысатын бау тағылып жатыр. Себебі күре жол бойында жайылып жүрген малдың кесірінен болатын жол көлік оқиғасы көбейген.

Мәселен, былтыр осындай оқиға салдарынан 3 адам қаза тауып 8-і жарақаттанса, тек биылғы төрт айда 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. 

Бұл – жол бойында ірі қараға соққан көліктің бірі. Оқиға қыстыгүні түн мезгілінде болған. Қаладан Қарғалы ауданының Петропавл ауылына келе жатқан Ножниковтар отбасы кенеттен жолға шауып шыққан жылқыны түйген. Салдарынан салондағы үш адам жарақат алса, көлік қатты зақымданыпты. Дегенмен әзір келтірілген шығын өтелмей тұр. Себебі жылқының иесін анықтау сот арқылы жүріп жатқан көрінеді.

Екатерина Ножникова, Петропавл ауылының тұрғыны: 

- Ол көпке дейін малдың иесі екенін нақты айтпады. Кейін сотқа жүгінді. Біз келтірілген шығынды өтеп алғымыз келеді. Себебі көлікті Жаңа жылдың қарсаңында алып, бар болғаны 45 күн ғана міндік. Қазіргі түрін көрсеңіз, оның қандай маркалы екенін де ажырата алмайсың.

Күре жолдың бойында көліктің малмен соқтығуы соңғы кезде көбейіп кеткен. Тек өткен 4 айда 14 жағдай тіркеліпті. Ал былтыр жыл бойы орын алған оқиға бұдан екі есе төмен. Бұл еркін жайылымға шыққан малдың қараусыз қалып, жолға шығуының салдары. Әрине, нәтижесі көбіне түлігіне ие болмаған қожайынына қатысты жазамен аяқталады. Ал иесін белгілеу қиын болса, онда мал уақытша арнайы орынға қамалып бағылады. Тек биылғы жылы облыста бар 90 орында екі мыңға жуық бас мал болған.

Айдос Құлжанов, облыстық Полиция департаменті ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары:

- Қазіргі уақытта осы барлық жол-көлік оқиғасы зерттеліп, арнайы істер жүргізіліп, қазіргі уақытта мал иелері әкімшілік жазаға тартылып отыр. Мал иелері бұл жерде малдарды жолдың бойына жібергені үшін, жол-көлік оқиғасына әкеліп соқтырғаны үшін 408 бап бойынша әкімшілік жазаға тартылуда. Яғни 10 айлық көрсеткіш есебінде мал иесіне айыппұл салынады.

Енді бұл мәселені жою үшін полиция мен ауыл шаруашылығы басқармасы бірігіп, әрекет етуге кірісті. Атап айтқанда, ауыл-аймақтағы ірі қараға көлік жарығымен шағылысатын бау тағып жатыр. Әзірге «Самара-Шымкент» және «Ақтөбе-Астрахан» жолының бойында жатқан Хромтау, Темір және Байғанин ауданын қамтып келеді. Кейін өңірдің өзге де аудандарында жүргізу көзделіп отыр.

Задыгерей Оразов, шаруа қожалығының басшысы:

- Жүріп жатқан акцияны өз басым қолдаймын. Міне, енді ендіріп жатырмыз мойындарына лента тағып. Барлығына айтатыным сол, жақсы болады деп ойлаймын. 

Мереке Бисенбин, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

- Негізінен бұл шаруалар бүкіл шаруашылықтардың барлығына да қатысты. Бірақ, қазіргі күні 200-ден астам шаруашылық бар жол бойында орналасқан солардың барлығына да хабарлама бердік. Қазір лентаны қайдан сатып алуға болады, қанша теңгеден, өздеріне хабарлама жіберіп қойдық.

Бүгінде облыс бойынша мал шаруашылығымен айналысатын 8 мыңға жуық ұйым бар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев