Елімізде адам саудасы тыйылмай тұр

Елімізде адам саудасына қатысты жылына шамамен 100-ден астам қылмыс тіркеледі.

Мұны Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқарма бастығының орынбасары елордада өткен форумда айтты. Әлібек Оразалының сөзінше, биыл соңғы 4 айдың өзінде, 64 қылмыстық іс қозғалған. Оның 37-сі – притондарды ұйымдастыру, 12-сі – жаңа туған сәбиді сату және қалғаны адам саудасына қатысты болған. Ал қыздар мен кәмелет жасына толмаған балаларды жезөкшелікке тартудың 11 фактісі анықталған.

Бүгінде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Егер қолданысқа енгізілсе, мемлекеттік, оның ішінде уәкілетті органдардың қызметі мен құзыреті нақтыланатын болады. Сондай-ақ адам саудасынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- Адам саудасының құрбандарына алғашқы көмек ретінде оларды арнайы орталықтарына, оңалту орындарына жатқызылады. Сонымен қатар 30 айлық есептік көрсеткішінде өтемақы төленетін болады. Қазір бұл заң жобасы Парламентке енгізілді. Енді Парламент Мәжілісінде заң жобасы талқыланатын болады. Заң жобасына шілде айына дейін қол қою тиіс деп отырмыз.