Елімізде «Мүлік иелері бірлестігі туралы» заң жобасы қайта қаралады

Оған кейбір өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, мүлік иелері бірлестігі тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отыр. Салдарынан тұрғындар арасында келіспеушіліктер туындап жатыр. Сондықтан депутаттар тұрғын үйлерді басқарудың неғұрлым тиімді тұсын қабылдамақ.

Айта кету керек, мүлік иелері бірлестігімен қатар елімізде пәтер иелері кооперативі қатар жұмыс істеп жатыр. Президент дәл осы мүлік иелері бірлестігіне бағытталған реформаның соңына дейін жеткізілмегенін сынға алған болатын.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мүлік иелері бірлестігіне басшылыққа келгендер арасында да өз қызметін адал атқармайтындар кездеседі. Сондықтан бұл сала бойынша ел Президентінің тапсырмасы бар. Менің ойымша, алдағы кезеңде біз жалпы мүлік иелері бірлестігі туралы заң жобасына қайта ораламыз. Осы орайда кейбір мәселеге қатысты өзгертулер болуы мүмкін. Атап айтқанда, өзгеріс енгізетін қадамдарды халықпен, тұрғындармен, қоғам белсенділерімен ақылдасу керек. Сондықтан тиімді болатындай тұрғын үйлерді басқарудың қандай да бір түрін қабылдау керек.