Сегізкөзге ерекше операция жасалды

Отандық дәрігерлер сегізкөз өріміне өзгеше операция жасады.

Олар құйымшаққа өскен қатерлі ісікті асқан ептілікпен алып тастады. Мамандардың айтуынша, мұндай ота медицинасы көш ілгері  елдердің өзінде жасалмайды.

Айнұр Қуатқызы, @Ainur_Kuatkyzy:

- Біз дәл қазір операция залында тұрмыз. Нейрохирургия дәрігерлері науқастың сегізкөзіне біткен қатерлі ісікті жүйкесін сақтай отырып алып тастады. Операциядан кейін науқас емін-еркін жүріп-тұра алады. Бұл Қазақстанда жасалған ерекше операциялардың бірі болмақ.

Нейрохирургтардың айтуынша, бұрын мұндай жағдайда сегізкөзді нерв жүйелерімен қоса кесіп тастайтын. Яғни ісікті алудың жалғыз жолы осы болған. Алайда ондай отадан кейін науқас арбаға таңылып қалады.

Талғат Керімбаев, нейрохирург дәрігер:

- Сегізкөздің ішінде нерв жүйкелері орналасады. Ол кіші-үлкен дәретті, аяқтың қимыл-қозғалысын реттеп тұрады. Ал ол түгел алынса науқасқа өте жаман ауыр болады. Біздің ерекшелігіміз біз ісікті сегізкөзімен алып тастап, ішіндегі нерв жүйелерін сақтап қалдық.

Гауһар Ахметова құйымшақ тұсындағы шыдатпас дерттен айығудың түрлі амалын жасағанын айтады. Тіпті шетелдік дәрігерлердің көмегіне де жүгінген. Алайда ондағы мамандар оның операциядан кейін жүріп кететініне  ешқандай кепілдік бере алмайтынын кесіп айтқан.

Гауһар Ахметова, қала тұрғыны:

- Өткен жылы белім ауырып дәрігерге қаралып жүрдім. Ауру шыдатпаған соң барлық тексеруден өттім. Қатерлі ісіктің сегізкөзде орналасқанын айтты. Бірден Түркия, Израиль елдеріндегі дәрігерлерге хабарластым. Онда операция құны 50 мың еуро тұрады. Мықты мамандар бізде де бар екен. Шынымды айтсам өзіміздің қазақстандық дәрігерлердің жұмысына таң қалдым. Бұлай жүріп кетем деп ойламадым. Алғысым шексіз.

Ал нейрохирургия орталығының дәрігерлері бұл операцияны бірқатар адамға жасап, аяғынан тұрғызған. Енді оны әлемдік деңгейге жеткізу үшін ғылыми мақалалар жазуды көздеп отыр.

Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшиев