Қызылорда облысының әкімі Қазалы ауданының тұрғындарымен кездесті

Ауылдарда медициналық қызмет сапасын арттырып, балабақша санын көбейту керек. Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғындары аймақ басшысымен кездесуде осындай ұсыныс айтты. 

70-тен астам ауыл тұрығынының өтініші-тілегін тыңдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әрбір елді мекеннің дамуы жіті бақылауда болатынын жеткізді. Қазалы халқымен кездесуде құқық қорғау органдарының басшылары да болды.

Қазалы ауданы бойынша өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы өсім көрсеткіші күткендей емес. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы сараланған кеңейтілген кеңесте аймақ басшысы ауыл әкімдерінің іскерлігі мен белсенділігі ұдайы қадағалауда болатынын айтты. Елді мекендердегі тұрмыстық, инфрақұрылымдық мәселелер «Ауыл аманаты» секілді мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүйелі шешілу керектігіне тоқталды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- «Ауыл – ел бесігі» аясында Қазалы ауданына жылда қомақты қаржы бөлініп келеді. Былтыр Пірімов, Басықара, Жалаңтөс батыр елді мекендеріне осы бағдарлама арқылы көгілдір отын бердік. Қазір ол қосылып, ел игілігін көріп жатыр. Одан бөлек, Пірімов, Түктібаев ауылдарында спорт кешендері салынды. Кент, ауылдық округтерде бірнеше жобалар ұсынылды миллиард теңге үстінде. Ол жобалардың барлығы жүзеге асу керек, жұмыстың барлығы сапалы жүру керек.

Ауылдықтар көбінде баспана алу, жұмысқа тұру және сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі туралы мәселелерді көтерді. Жеке қабылдау кезінде тұрғындар толғандырған сауалын облыс әкіміне тікелей қоюға мүмкіндік алды.

Жанұзақ Келімбетұлы, еңбек ардагері:

- Бозкөл ауылынан келіп отырмын. Емханамыз көне, сонау 1980 жылы салынған. Сол мәселе туралы айтылды. Ол кісі қанағаттанарлық бағасын беріп, қолға алынатынын айтып берді. Сондықтан біз қанағат тұтып, қайтып бара жатырмыз.

Айгүл Жұбан, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

- Анда-мында барамыз, жұмыспен қамту орталығына барамыз. Бізді тіркеп алады, одан кейін жауап жоқ. Кешелі-бүгін естідік, облыс әкімі келеді дегенге жұмыстан сұранып, жас мамандардың дипломы босқа қала бере ме? Сонымен дипломды ары қарай дамытайық, әкімге барайық, бұғып-бұғып болдық. Енді әкім мәселе шешіледі деді. Әкімнен жақсы хабар күтеміз.

Алдағы уақытта ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға баса мән берілетін болады. Аймақ басшысы аудан әкімдеріне елді мекенді түлетуге бағытталған,  кемінде 2 млрд теңгенің жобасын ұсынуды тапсырды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.