Қарағанды облысы Ақтас кентіндегі халықтың ауланы абаттандыруға көңілі толмайды

Қарағанды облысындағы Ақтас кенті тұрғындарының ауладағы абаттандыру жұмыстарына көңілі толмай қалды.

Айтуларынша төселген асфальт қолмен ұстаса үгітіліп жатыр. Ал оның қалыңдығы стандартқа сай емес дейді олар. Абаттандыруға 56 млн теңге бюджет қаржысы бөлінген. Алайда мердігерлер мен әкімдіктің уәжі басқа.

9 мыңнан астам тұрғыны бар Ақтас кентінің жолында асфальты, ауласында жарық шамы жоқ кварталы  осы. Дегенмен, биыл алғаш рет  аула ішідегі 7 мың шаршы метр жол жөнделе бастаған. Бірақ тұрғындар оның сапасына күмәнмен қарайды. Сондықтан бірден наразылық танытты.  

Жандос Сәдуақасов, Ақтас кентінің тұрғыны:

- Щебень де, битум да себілмеген көп жерге өздеріңіз көріп отырғандай. Уклон үй жаққа қарай кетіп жатыр, мында жоба дұрыс қарастырылмаған. Қалай болса солай істеп кетіп қалғысы келеді болды.

Тұрғындар тіпті сараптамалық орталыққа да жүгінген. Мамандар 5 жерден асфальт сынамасын алып, қалыңдығын тексерді. Бірақ тұрғындар оның қорытындысымен келіспейді. 

Шыңғыс Пірімов, Ақтас кентінің тұрғыны:

- Мына жерден өлшетіп жатқан жоқ бізге. Бір метр былай өлшетіп отыр. Бізге олай керек емес. Өйткені бізге тапсыратын 4,5 метрдің ішінен, кез-келген жерінен өлшеуі керек. Оны тескертпейді бізге, акиматы, технологиясы деп 1 метр мынадан былай алып өлшеп отыр.

Арсен Бетцольд, мердігер компанияның өкілі:

- Біз төрт керн (сынама) алдық. Біріншісі 9 см, қалғаны 4 см болды. Халық үшін істеп жатырмыз, просто жаңағы енді болып жатқан нәрсе кішкене дұрыс емес, асфальтты шетінен алуға болмайды. Оны любой дорожник айта алады. 

30-кварталды абаттындыру жұмысына 84 млн.теңге бөлінген. Тендер арқылы  жергілікті мердігер 56 млн теңге  ұтып алған.  Қазір ол жұмыстың 80 пайызын аяқтаған. Мұнда асфальттан өзге 70 жарық шам бағаны, бір балалар алаңқайы салынады. Тұрғындар наразылығынан кейін мердігердің жұмысын бақылаушы  көбейген. 

Марғұлан Анаев  Ақтас кенті әкімінің орынбасары:

- Бізде жоба бойынша бұл жердің асфальтінің қалыңдығы 4 см болу керек. Өйткені тұрғынүй алаңы болғандықтан мұнда ауыр техника жүрмейді деп есептейміз. Қазір тұрғындар сигналы бойынша тексеру жүргізіп жатырмыз.  Алған пробаны лабараторияға апарып тапсырамыз. Және бұл нысандар антикоррупциялық қызметтің де қадағалауында болады осы жобалар.

Жұмыстар мамыр айында басталып, маусымда аяқталуы тиіс. Мұнан соң мердігер кепілдемелік мерзімі аяқталғанша, екі жыл  жұмыс сапасына жауапты болады. Олардың есепшотына қажетті  қаражат әлі аударылмаған дейді әкімдік өкілдері. Сондықтан жұмыстар кешеуілдеп жатыр.  Жалпы соңғы 3 жылда Ақтас кентінде шамамен 15 аула жөнделіп абаттандырылған. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар