Арабтар Астанада мектептер салады

Астана қаласында Халықаралық коммюнити мектебі салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі таңдаулы мектептердің бірі. 33 жылдық тәжірибе, халықаралық стандарттарға сай білім және үздік оқытушылар құрамымен танылған білім ордасында енді қазақстандық оқушылар оқитын болады. Араб инвесторлары білім ордасын тек елордада емес, тағы 3 қалада ашуды көздеп отыр.

Бибігүл Нысанбаева, тілші:

- 1990 жылдан бері бұл мектептер желісі британдық және америкалық білім беру стандарттарына сәйкес жұмыс істейді екен. Негізі осы халықаралық мектептер желісінің Біріккен Араб Әмірліктерінде 5 кампусы бар қазір, онда 55 елден 4500 оқушы білім алып жатыр. Айтқандай, мұнда біздегідей оқушы деп емес, студент деп атайды.

Халықаралық мектеп оқушылары негізгі пәндерді, өзге тілдерді үйреніп, тағам түрлерін даярлауды меңгеріп, суда жүзу, баскетбол, футбол, басқа спорт секцияларына қатысады. Бір қарағанда бәрі әдеттегідей. Өзгеше көрінгені – білім, тәрбие берудегі оқу орнының философиясы. Бірінші кезекте студенттердің академиялық жетістіктері емес, олардың тұлғалық дамуына мән беріледі. Ал ол үшін тұтастық, достық, құрмет құндылықтарынан құралған қауіпсіз орта болуы өте маңызды.

Мұхаммед Аль Шамма, International Community School басқарушы директоры:

- Біздің білім берудегі көзқарасымыз озық ойлы тұлғаларды қалыптастыруға негіз болатынына көзіміз жетті. Ендігі миссиямыз осындай мектептерді әлемнің барлық елдерінде ашу еді. Шешім қабылдамас бұрын, командамызбен зерттеу жүргіздік. Қазақстанда халықаралық мектептерге сұраныс бар, ұсыныс аз екенін түсіндік. Қазақстанның елшілігімен тығыз жұмыс жасай отырып, сіздің елге қаражат инвестициялау қадамын жасадық. Бұл шешіміз келер уақытта бізге пайда әкелетінінен бұрын, әлемге көшбасшы болар азаматтарды даярлауға салынған инвестиция деп ойлаймын.

Алғашқысы Астанада, кейін International Community Schools Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында салынуы керек. Жоба дайын, инвестициялық қаражат көзі бар, біздің тарап мектеп ғимаратын салуға жер де бөліп қойыпты. Дәл қазір құрылыс салуға рұқсат алу құжаттары реттеліп жатыр.

Мұхаммед Аль Шамма, International Community School басқарушы директоры:

- International Community School мектептерін Қазақстанда ашу жобасы 2024-2025 жылдарға межелеп отырмыз. Астанада салынатын алғашқы мектептің құрылысы алдағы 4 айда басталауы тиіс. Жалпы 4 мектеп салу жоспарымыз бар. Бастан аяқ осы жобаға 30 миллион доллар инвестиция саламыз.

Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. Жалпы елімізге әмірліктер 3,2 млрд доллар инвестициялады. Дәл қазір 5,5 млрд доллардың 10 ірі инвестжобасы іс жүзіне асырылып жатыр. Экономикалық дипломатия сеп.

Мадияр Меңілбеков, Қазақстанның БАӘ-дегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Әмірліктерден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 416 млн АҚШ долларынан асты. Осы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы ресми сапар жасады. Сапар барысында Әмірліктердегі ірі компаниялармен кеңейтілген келіссөздер жүргізді. Сапар қорытындысы бойынша, Әмірліктердің компаниясы Қазақстанда бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Атап айтқан кезде, жаңартылатын энергия, көлік логистика, туризм, инфрақұрылым, жаңа технологиялар және білім беру салаларында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асыру басталды.

Қазақстан мен Араб Әмірліктерінің өзара экономикалық мүдделері 7-8 маусым күндері Астана халықаралық форумы аясында алғаш рет өтетін Іскерлік кеңесте айқындалады. Оған Біріккен Араб Әмірлігінен 30-ға жуық ірі компания басшылары барғалы отыр.

Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Нұраш Райс.