Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді

Бір шаһарда бір емес, бірнеше орталық.

Алматы қаласы болашақта осындай өзгеріске ұшырайды. Үкімет мегаполистің 2040 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті. Жаңа құжатқа сәйкес, Алматының  орталығы ғана емес, шеткі аумағы да түрленуі тиіс. Жаңа жоспар жайлы орта құрып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Қала моноорталық моделінен арылып, бес жаңа орталықтың үлгісімен дамиды.

Алдыңғы бас жоспар осыдан 20 жылдан астам бұрын қабылданған.

Ол кезде шаһардың аумағы 34 мыңға жуық гектар ғана болатын. Қазір 70 мың гектардан асып кетті. Яғни жиырма жылда екі есе өсті. Халық санының 2 млн асқанына да  біраз болды.

Асхат Сәдуов, "Алматы Бас жоспары" ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

– Біріншіден, жоспарлауда полиорталықтық көзқарасты ұстандық.  Бүгінгі таңда қала тарихи орталыққа тәуелді. Осыған байланысты бірқатар мәселелер туындағаны жасырын емес. Енді  жоспарлау кезеңінде барлық қажетті тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік, көлік, цифрлық, коммерциялық және рекреациялық инфрақұрылым қарастырылады.

Яғни «Шығыс қақпа», «Солтүстік», «Оңтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-Батыс» деп аталатын 5 бірдей орталық болады. Жаңа бас жоспарға сәйкес, 200-ге жуық мектеп,65 емхана сияқты бірқатар медициналық нысан қайта жаңғыртылады. Су желілері жаңадан салынады. Сондай-ақ қоғамдық көлікке қатысты өзгеріс көп. 2030 жылға дейін 45 шақырымдық жеңіл рельсті көлікті, яғни ЛРТ желісі салынады. 10 жылдан соң оған тағы 76 шақырым қосылмақ. Жүрдек автобус пен метро желісі де ұзарады. Сонымен қатар, қалаға кіретін 4 магистральді жолды кеңейту қарастырылған. Басымдық электр мен газбен жүретін көліктерге берілмек.

Роман Барабанов, тәуелсіз сарапшы:

–  Егер жылдам жүретін ыңғайлы қоғамдық көліктер болса, тұрғындар автокөлікпен қатынаудан бас тартар еді. Сәйкесінше жол апатының саны мен көліктен бөлінетін зиянды заттар да азаяды.  Дәл осы тұрғыдан алатын болсақ, көлік инфрақұрылымы түбегейлі өзгереді. Жаяу жүргіншілердің қатынауына, оған қоса велосипедпен жүруге ыңғайлы жүйе қарастырылады.

Алматының «бақ қала» атағын қайтару үшін біраз шаруа қолға алынады.  Келесі жылдың соңына дейін  8 жаңа саябақ салынады. 2025 жылға қарай 1млннан аса ағаш отырғызылады. Осылай жалғаса береді.

Алтай Сатыбалдиев, халықаралық сәулет академиясының профессоры:

– Бас жоспарда жасыл желек мәселесі басты назарға алынған. Қаламыз әрине жасыл желегімен танымал. Бірақ тоғай аумағын дамытуда жүйе жоқ. Халықтың демалысына арналған жерлер аз. Талапқа  сай  жасыл желек бір адамға 16 шаршы метрден есептелуі керек. Ал бізде 6 жарым шаршы метр ғана.

2040 жылға қарай Алматы халқының саны 3 миллион адамға дейін өседі деген болжам бар. Жайлы қалалық орта, тұрақты экономикалық өсім, басқарылатын урбанизация, әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздік- мегополистің дамуын қамтамасыз етеді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов, Радик Жакупов