Елдегі киік санын реттеу керек пе?

Киіктің Орал популяциясы қорғауға алынған 20 жылдың ішінде айтарлықтай көбейген және жойылу қаупі жоқ.

Батыс Қазақстан облысына арнайы барған халықаралық сарапшылар осылай деп мәлімдеді. Германия, Швеция және британдық табиғат жанашырлары бірнеше күн бойы Казталов пен Жәнібек аудандарында болып жергілікті халықпен кездесті. Лағын өргізіп жатқан киіктерді көрді. Ал Оралда өткен консультативті кеңесте киік санын реттеуге қатысты ойларын ортаға салды. Сарапшылардың пікірінше өнеркәсіптік аулау арқылы бөкеннің еті мен мүйізінен мемлекет елеулі экономикалық пайда көре алады. Бастысы олардың ареалы мен санын сақтау. Ал өңір үшін киіктің қолайлы аны қанша болуы тиіс деген сауалға қатысушылардың пікірі екіге жарылды. Жергілікті табиғат жанашырлары ауылшаруашылығына зиян келтірмеу үшін ақбөкендердің саны 500 мыңнан аспағаны жөн деп санайды. Еуропалықтардың пайымы басқаша. Биылғы лақтарын қоспағанда облыстағы киіктің саны қазір миллион жарымға жуықтайтын көрінеді.

Михель Штефан, халықаралық сарапшы, Герман табиғатты қорғау бірлестігінің өкілі:

- Мәселен Германияда жылына 1 млн 300 мың елікті атады. Біздегі еліктердің саны мұндағы киікпен бірдей. Бірақ Қазақстанның аумағы Германиядан 7 есе үлкен. Сіздерде дала кең. Сондықтан бөкеннің саны осынша болу керек деп айта алмаймын. Ал киіктен шаруалар зардап шегіп жатқанына келісемін. Киіктің еті мен мүйізінен түскен пайда арнайы қорға құйылып, ол қордан сол шаруалардың шығыны төленіп тұрса, олар мұнша ашынбас еді. Қазір жергілікті фермерлер пайда емес, тек проблема көріп отыр.