Алматыда австралиялық азамат жоғалып кетті

Австралиялық азамат Алматы тауында із-түссіз жоғалып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік туристің жоғалуы туралы ақпаратты алдымен еріктілер әлеуметтік желіге жазған болатын. Куәгерлердің айтуынша, шетелдік азаматты олар соңғы рет хостелден көрген екен. Ол тауға көтеріліп, үлкен Алматы көлін көргісі келетінін айтыпты. Содан кейін Австралиялық азаматты ешкім байқамаған. Қазір осы аймақта 70 адам іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың арасында 40 құтқарушы және 30 дан аса ерікті бар. 7 құтқару техникалары жұмылдырылған.

Шәкіржан Қасымов, Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы:

- 22 мамыр күні түнгі 22 саған 25 минутта Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел басқару орталығының жедел кезекшісінен Үлкен Алматы көлінің шатқалында 1995 жылы туған Австралия азаматының із-түзсіз жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Қазіргі уақытта Үлкен Алматы шатқалында және Кіші Алматы шатқалында барлық бағытта іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оған қаланың барлық құтқарушы күштері жұмылдырылған. Бұл жерде жедел штаб құрылды.