Абай облысындағы алапат өрт ырыққа көнбей тұр

Өрт аумағы күннен күнге ұлғайып ағашты қаусатып барады.

Болжам бойынша 3 жарым мың гектардай алқап отқа оранған.

Өрт сөндірушілер үш аумақта отпен арпалысып жатыр. Екпіндеп соққан жел жағдайды одан әрі ушықтырып тұр.

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Екі сағат бұрын қатты жел соғып, жағдай күрделеніп кетті. Өрт асфальтқа дейін жақындады. Қазір 4 тікұшақ тынымсыз жұмыс істеуде. Қызыл жалынды ауылға жеткізбеуге тырысып жатырмыз.

Қазір өрт Березовка санаторийі ауылына таяп қалды. Елді мекеннің тұрғындары кеше эвакуацияланған еді. Енді 5 шақырымдай жерде Березовка подхозы ауылы тұр. Бұл жердің тұрғындары буынып-түйініп көшуге дайын отыр.

Әсет Өтепов Абай, облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Қазір біз ұрлық-қарлыққа жол бермеу мақсатында үш ауылды күзетіп тұрмыз. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 15 полиция қызметкері жұмылдырылған.

Елдар Серікұлы, өрт сөндіруші:

- Астанадан бүгін ғана келдік. Келгеннен бастап өртке кірісіп кеттік. Өздеріңіз көріп тұрғандай әлі сөндіре алмай жатырмыз. Былтыр ғана Қостанайдағы өртте жұмыс істегенбіз. Сондықтан бірінші рет емес.

Аймақта үш күннен бері тілсіз жаумен күрес жүріп жатыр. Өртті сөндіруге 600-ге жуық адам мен 150-ден астам техника, 6 тікұшақ жұмылдырылған. Алайда қызыл жалын оған ырық беретін түрі жоқ.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы