Қызылорда облысында 100 мыңнан астам бала лагерьге барады

Биыл Қызылорда облысында 100 мыңнан астам оқушы тынығу лагеріне барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі 10 мемлекеттік және 3 жеке орталық 2 маусымнан бастап, балаларды қабылдауға дайын. 7 ауысым бойы қызмет көрсететін лагерлерге алғашқы кезекте ата-ана қамқорлығынсыз қалған және тұрмысы төмен отбасы балалары баратын болады. Облыстың 295 мектебінің 288-інде ашылатын күндізгі лагерьде 96 мың оқушы қамтылады. Ондағы санитарлық жағдай мен қауіпсіздік ережелерінен бөлек, мәдени-спорттық шаралардың мән-мағынасына баса мән беріледі. Демалыс орындарының тәрбиешілері де арнайы тағылымдамадан өткізілді. Ал алғашқы медициналық көмек көрсететін бекеттерде тіс емдеу кабинеті жұмыс істейтін болады.    

Бектұр Қали, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Спорт кешендері, оқушылар үйлері мен басқа да қосымша білім беру нысандарында балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Меценаттардың демеушілігімен 1300-дей бала облыстан тыс жердегі лагерьлерде демалады деп жоспарлап отырмыз.