Маңғыстау облысында әкімдік мердігерді сотқа берді

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданы әкімдігі өз міндетін толық атқармаған мердігерді сотқа берді.

Жеке серіктестік былтыр «Адай» автобазасы мен Баянды ауылы арасындағы жолды жарықтандыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, 250 миллион теңгенің жобасын ұтып алған. Келісімшартқа сәйкес төрт айда трасса жиегіне электр-үнемдегіш шамдарды орнатуға міндеттелген. Бүгінге дейін атқарған жұмысы үшін компания шотына бюджеттен 159 миллион теңге аударылды. Бірақ аумақ әлі күнге дейін жарықсыз күйде. Сонымен қатар жұмысшылардың жолға қарапайым шамдарды қойғаны анықталды.

Дәурен Едігеев, Мұнайлы аудандық ТҮКШ басшысының м.а.:
- Жұмыстарды уақытында аяқтамағаны үшін сотқа жүгінген болатынбыз. Бірінші инстанцияда жеңіске жетіп, тапсырыс беруші тарапынан «Элком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аппелляцияға шағымданған болатын. Қазіргі таңда аппелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалып, айыппұл өндіру және уақытылы жұмыстарды аяқтау күшінде қалды.

Айдарбек Тіленов, Мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы: 
- Сот мердігерді тұрақсыздық айыпақысын төлеуге және шарттық міндеттемелерін мәжбүрлі түрде атқаруға шешім шығарды. Бұл іс азаматтық-процессуалдық Кодексте көрсетілген екі ай мерзімде қаралды.