Шымкенттіктер мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті

Шымкенттіктер де бір мезетте қала көшелерінде көк туды желбіретіп, авто- және велошеру ұйымдастырды.

Шаһардың басты көшелерін қамтыған керуен айбарлы нышанды насихаттап, тұрғындарға патриоттық сезім сыйлады. 

Салтанатты шара әдеттегідей Ордабасы алаңынан басталды. Мемлекеттік рәміздерді ұстаған әскерилер Тәуелсіздік саябағына дейін жүріп өтті. Бұл жерде бәрі әнұран шырқап патриоттық сезімге бөленді. 

Мерекелік шараға бокстан әлем чемпионы Махмуд Сабырхан да қатысты. Ол ел спортшылары үшін айбарлы ту қашанда айрықша маңызға ие. Сын сағатта туға қарап рухтанатын сәттер жиі болады, дейді. 

Махмуд Сабырхан, бокстан әлем чемпионы:

- Кеше өзім байқағандай, қазақ елі Тәшкентке барлығы келіп, жанкүйер болды. Сол кезде қазақ елінің барлық азаматтарынан патриоттық рухы байқалды. 

Патриоттық ән мен би көрініс тапқан концерттік бағдарламадан соң үш көшенің тоғысқан қақпасынан авто-, велошеру жолға шықты. Туды желбіреткен топ қаланың басты көшелерімен Бәйдібек би алаңына дейін бағыт алды.  

Үрәлхан Сейілбекова, мәдениет қайраткері:

- Басқа уақытта былай тыңдап жүрген бір бөлек бірнеше халықтың алдында үлкен сахнаға шығып, қолды жүрегіңе қойып әнұранды орындаған кезде ол сезімді айтып жеткізе алмаймын. Денеңді шымырлатып, қуаныш билеп, сондай бір керемет сезімде боласың.

Қазір мегаполисте 1700 мемлекеттік мекеме мен заңды құрылымдардың ғимаратында рәміздерді көруге болады. Оларды күтіп ұстау арнайы комиссияның құзыретінде. Ал бұл күні көшеде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ту ұстағандар кезікті. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов