Атырауда мемлекеттік рәміздер ұлықталды

Рәміздер күнін Атырау жұртшылығы үлкен ұйымшылдықпен атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақ егемен елмен бірге жаңарып, жасарып келеді. Соңғы 30 жылда батыс өңірде «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» сынды ірі мұнай-газ жобалары жүзеге асты. Жүздеген әлеуметтік бағдарламалар әзірленіп, ел игілігіне қызмет етіп келеді. «Қара алтын» өндірісінен түскен табыс мемлекетіміздің кемел келешегіне қызмет ететін болады.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қала тұрғындары мен облыс зиялылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскерилер мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері жиналды. Ресми іс-шара театрландырылған көрініспен ашылып, көк байрақ тұғырға көтерілді. Жиналғандарды аймақ басшысы құттықтады.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің басты нышаны. Біз ата-бабамыз армандаған осы тәуелсіздікті алған күннен бастап шекарамызды бекітіп, мемлекеттік рәміздерімізді қабылдадық.  Бұл –біздің Елтаңбамыз, бұл – біздің Әнұранымыз. Бұл – біздің көк байрағымыз. Біз жас ұрпаққа рәміздердің маңыздылығын айта отырып, рәміздерді құрметтеуге, насихаттауға тартуымыз керек.

Іс-шара атыраулық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ұлттық рухты көтеріп, азат елдің ертеңге деген сенімін нығайтатын шара жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады. 

Мақсым Ізбасов, ардагер-мұнайшы: 

- Анау аспандағы көкпен таласқан көк Ту, ондағы ұшып бара жатқан алып құс қазақ елінің үлкен бір жоғарыға ұмтылғанын көрсетеді. Бір шаңырақтың астына жиналған Елтаңбамыздың өзі ауызбіршілігімізді, 2 пырақ қазақтың ертеден келе жатқан тәуелсіздікті аңсаған ел екенін көрсетеді.

Терең тарихымыздан бастау алып, халықтың рухы мен ұлттық салт-санасын жаңғыртқан мерекені Атырау жұртшылығы үлкен ұйымшылдықпен атап өтті. Концерттік бағдарлама Жайық өзені үстіндегі су көліктерінің шеруіне ұласты.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев.