Ақтауда студенттер арасындағы ХІІ жазғы универсиада өтіп жатыр

Байрақты бәсекеде еліміздің 50-ге жуық жоғары оқу орнынан келген 3 мыңдай студент бағын сынайды.

Универсиада 25 мамырда үстел теннисінен басталды. Оған ерлер мен қыздардан құралған 30-дан аса команда қатысты. Биылғы спорт додасының басты ерекшелігі - барлық сайыс Каспий жағасындағы қалада болады. Ал бұған дейін әр спорт түрі бойынша бірнеше өңірде өткізіліп келген еді. Жарыс 22 маусымда аяқталады. Жеңімпаздарға халықаралық сайыстарға жолдама беріледі. Универсиадаға қатысушылар жеңіл атлетика, таэквондо, дзюдо, жүзу секілді спорттың 20 түрінен сынға түседі.

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Осы универсиадада жеңген балалар әрі қарай дүниежүзілік жазғы универсиадаға қатысуға мүмкіншілік алатын болады. Биыл ол Қытай мемлекетіндегі Чэнду қаласында өтеді тамыз айында. Және осы биыл екінші рет өтетін түркі мемлекеттері арасындағы универсиадаға қатыса алады. Түркістан қаласында қыркүйек айында өтетін болады. Біз студенттер арасындағы спортты дамытуға әрқашан дайынбыз.