Қызылорда тазалығы ғарыштан бақыланады
Қызылордалық экологтар ғарыштық түсірілім арқылы қоқыс үйінділерін анықтап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Облыс орталығының 50 шақырымдық белдеуіне космомониторинг жасалып, бей-берекет тасталған 74 қалдық орны табылды. Рұқсат етілмеген аумаққа тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын төккен 12 адамға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Жалпы облыста қоқыс тастау алаңдары тапшы. Экологтардың есептеуінше, аймақта кемінде 147 полигон болуы қажет. Бұл мәселе билік өкілдері алдында бірнеше рет көтерілген. Бірақ қазір 10 шақты полигон ғана талапқа сай жұмыс істеп тұр.
Әлішер Шамкенов, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
- 2018 жылдан бері геопортал жүйесі іске асырылып, жылдан-жылға белгіленген қоқыстар азайып келе жатыр. Бүгінгі күні халық арасында үйреншікті орындарға қоқыс тастау тәжірибесі әлі де жалғасып жатыр. Қызылорда қаласының тұрғындарын және табиғат пайдаланушыларды осы аталған сенбілікке белсенді қатысуға шақырамыз және де Сыр өңірі табиғатын қорғауға шақырамыз.