ЕҚЫҰ ынтымақтастықты нығайту – біздің ел үшін басым бағыт

Бірақ бүгінде осы ұйымның рөліне қатысты сан қилы пікір айтылады.

Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ұйымның Бас хатшысымен кездесті. Хельга Шмид Астана халықаралық форумына қатысуға келді. Президент алқалы жиын Батыс пен Шығыс арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететін жаңа алаң екенін атап өтті. Қазақстан – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының белсенді мүшесі. Мемлекет басшысы іргелі құрылыммен өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға және Бас хатшы Хельга Шмидке жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіз бастап келген ЕҚЫҰ делегациясы осы форумда көптеген түйткілді мәселелердің оң шешілуіне елеулі үлес қосады деп санаймын. Өкінішке қарай қазір әлемде ондай проблемалар бар. ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты нығайту Қазақстан үшін басым бағыт саналады. Бізді ұйымның рөлі туралы пікірлер қайшылығы алаңдатады. 2010 жылы Астанада өткен саммиттен кейін министерлер деңгейінде де, басқа форматта да бірде-бір ресми құжат қабылданған жоқ. Әрине, бұл алаңдатарлық жайт. Біз ұйым аясындағы байланыстарды нығайту қажет екеніне бұрынғыдай кәміл сенеміз.

Хельга Шмид, ЕҚЫҰ бас хатшысы:
- Дұрыс айтасыз. Қазір күрделі кезең деп ойлаймын. Қиындықтарға қарамастан ЕҚЫҰ бірегей диалог алаңы ретінде қызметін жалғастыра береді. Сондай-ақ Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы белсенді рөлін оң бағалаймын. Сіз Астана саммиті туралы айтып өттіңіз. Мен ол жиынға қатыстым. Дұрыс айтасыз, бұл соңғы саммит болды. Астана декларациясы шын мәнінде ұйымның қызметін реттейтін маңызды құжаттардың бірі. Мен Астана форумында сөйлейтін сөзіңізді асыға күтемін. Қазір мәмілеге келу үшін бір-біріміздің пікірімізге құлақ асу өте маңызды деп ойлаймын. ЕҚЫҰ-ның негізі міндеті де – осы.