Өртке жақын жердегі Бұлақ ауылын түтін басты

Семейге эвакуацияланған тұрғындардың саны 150-ге жетті.

Кеше түнде қаланың іргесіндегі Бұлақ ауылының 79 тұрғыны жатақханаға орналастырылды. Оның 32-сі бала. Бұған дейін облыс орталығына Талица, Половинки және Каштак ауылдарынан 69 адам көшірілді.

Семейден 40 шақырым жердегі Бұлақ ауылының тұрғыны Досқан Болатбек Құрылыс колледжінің жатақханасына түнгі сағат 11-де келіпті. Мұнда қауіпсіз болғанымен көңілде алаң барын жасырмады.

Досқан Болатбек, Бұлақ ауылының тұрғыны:

- Әкеп көмектесіп жатқандарына рахмет. Бірақ бір күндік тіршілігіміз қажет. Мал қамауда жатыр. Шықпапты малымыз. Өкіріп тұр. Ыстықта обал ғой. Су құю керек, шөп салу керек деген сияқты.

Азамат Қасым, тілші:

- Кешеден бері Бұлақ ауылының үстін осындай қою қара түтін басып тұр. Бұл түтін Ертістің ар жағындағы өртенген орманнан келіп жатыр. Ал Бұлақ ауылы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдың жанына арнайы пост қойылған.

Қазіргі уақытта Семейдегі эвакуациялық пункттерге 150-ге жуық адам орналастырылған. Олар қаланың іргесіндегі Талица, Каштак, Половинка, Бұлақ ауылының тұрғындары.

Азамат Қасым, тілші:

- Эвакуациялық пункттегі тұрғындардың іші пыспас үшін әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Қазір міне Бұлақ ауылының 32 баласын қаладағы биологиялық орталыққа апарғалы жатыр.

Біржан Бұлабаев Төтенше жағдайды жою жөніндегі штабтың өкілі:

- Өрттің басылмай тұрғанына байланысты біз жатақханадағы орындардың санын көбейтіп жатырмыз. Кез келген уақытта біз келген адамдарды орналастыруға дайынбыз.

Өрт өршіген жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін қалада 9 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр. Ал Бородулиха ауданында 500-ден астам адамды қабылдай алатын орын дайындалған.

Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы