«Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы белгіленді

«Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгіленбек.

Бұл жөнінде бүгін тиісті заң жобасын таныстырған мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ айтты. Төменгі палата өкілінің сөзінше, Ұлттық қор қызметінің нәтижелері туралы жылдық есеп әзірленіп, Президенттің Жарлығымен бекітіледі. Ал Ұлттық Банк орташа инвестициялық табысты есептеп, оны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жеткізеді. Соңғысы жоба операторы ретінде есеп шоттарды ашу, төлемдерді аудару, жеке тұлғалардың дербес деректерін Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен, келісімсіз жинау және өңдеу құзыреттілігіне ие болады екен. Жоба аясында Қазақстан азаматы 18 жасқа толғаннан кейін оның шоттағы қаражаты 10 жыл бойы сақталады. Бұл аралықта ол ақшаны ешқайда жаратпаса, қаражаттты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылуда. Ал ақшаны білім алуға және, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жұмсауға болады. Баспананы тек Қазақстан аумағында ғана сатып алу міндеттеледі.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 18 жасқа толмаған бала елден шығып, Қазақстанның азаматтығынан шығып кететін болса, бұл төлем төленбейді. 18 жасқа толмаған бала азаматтығын өзгертпей, елден кетіп басқа шетелде тұрып жататын болса, заңның жобасында көзделген норма бойынша бұл төлем төленеді. Егер шығып кетіп, қайтадан елге көшіп келіп, қайтадан азаматтығын алатын болса, алдындағы есептердің барлығы жойылады. Жаңадан неше жастан бастап көшіп келді, мысалы, 12 жаста. 5 жаста кетіп қалып, біз алдыңғы төлемді жойып жібердік, 12 жасында қайтадан көшіп келіп, қайтадан азаматтық алатын болса, онда заң бойынша бұл төлем әрі қарай жүргізіледі.