Жезқазғандық травматолог әкесінің ізін жалғап келеді

Нысамбаевтар әулеті жезқазғандықтарға жақсы таныс. 

Серік Нысамбаев ұзақ жыл травматолог болып қызмет атқарды. Қазір сол еңбегінің зейнетін көріп отыр.  

Серік ақсақалдың жалғыз ұлы Рүстем де әкенің ізін жалғап дәрігер мамандығын  таңдаған. Қазір Ұлытаудағы облыстық ауруханада жарақаттану бөлімшесіне жетекшілік етеді. Қиындығы мол мамандық иесінің «болашақта дәрігерлер династиясын қалыптастырсам» деген арманы бар.

Рүстем Серікұлының бір мекемеде табан аудармай еңбек етіп жүргеніне 16 жылдан асты. 2007 жылы Жезқазғандағы көпсалалы ауруханаға дәрігер болып жұмысқа қабылданған ол – бүгінде Ұлытау облысының бас травматологы.

Рүстем Нысамбаев, дәрігер-травматолог:

- Жасыратыны жоқ, дәрігерлік жолға әкемнің ақылымен, тәрбиесімен келдім. Ол кісі дәл осы бөлімшеде тарвматолог болып жұмыс істеген. Мен мектеп жасынан әкемнің жұмыс орнына еріп келетінмін. Ал студенттік кездерімде тіпті ота жасайтын бөлмеге де алып кіретін.

Рүстем – медицина ғылымдарының магистрі. Жас та болса, жетістігімен көзге түсіп жүрген маман. Оның басшылығымен Жеқазған ауруханасында науқастың жамбас буынына протез қою әдісі енгізілді. «Таразы басында үнемі адам өмірі тұратын қиын саланы таңдағаныма еш өкінбеймін», - дейді. Себебі дәрігерлік жол оны өмірлік серігімен жолықтырды. Жары Марина да – облыс орталығындағы үлкен орталықта білікті маман.

Марина Нысамбаева, УДЗ дәрігері:

- Біз бір-бірімізге айтқымыз келген ойды көзқараспен-ақ түсіндіре береміз. Екеуміздің әңгімеміз ортақ. Ол өзінің, мен өзімнің пациенттерім туралы айтамыз. Дәрігерлік шешім қабылдар кезде міндетті түрде өзара ақылдасамыз.

Бүгінде Нысамбаевтар әулетінің дәрігерлік жолдағы еңбек өтілі 80 жылға жуықтайды. Рүстем мен Маринаның балалары қазірдің өзінде «дәрігер боламыз» деп таңдау жасап қойған. 

Рүстем Нысамбаев, дәрігер-травматолог:

- Атасына қарап, бізге қарап, балаларымыз бой түзеп келеді. Әрине, оларды осы жолды таңда деп мәжбүрлемейміз. Бірақ олар осы бастан дәрігер болғымыз келеді деп армандайды.

Әке жолын жалғауды парыз санаған Рүстем жауапкершілігі мол жұмыста отбасымыздың абыройы түспесе екен дейді. Әрине, жары Марина – үлкен демеу. Бір мамандықты игерген ерлі-зайыпты арасында ерекше түсіністік орнаған. Ал түсіністік бар жерде, табыс та болады.

Авторлары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.