Жетісу облысында мал шаруашылығы көрме-конференциясы қорытындыланды

190 келі тартатын Еділбай қойының қошқары чемпион атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетісу облысында өткен халықаралық мал шаруашылығы көрме-конференциясындағы аукционда бұл қошқар 2 миллион 600 мың теңгеге сатып алынды.

Әлемнің 30 елінен келген меймандар конференцияның соңғы күнінде асыл тұқымды мал аукционы мен қатар бәйге, күрес сияқты қазақтың ұлттық ойындарын тамашалады.

Жамбыл облысынан әкелінген Еділбай қойының қошқары Жоңғар Алатауының баурайындағы Лепсі ауылында өткен халықаралық мал шаруашылығы көрмесінде 2 млн 600 мың теңгеге сатылып кетті. Ол 200 келі тартады. Бірақ Жамбыл облысынан Лепсіге жеткенше 10 келідей салмақ тастаған.

Талант Сейдуалиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Шетелде болса, ол одан арзан болып саналатын еді. Бізде енді қазір нарық асыл тұқымды чемпиондарға үйреніп жатыр. Енді өзінің бағасына тұрады деп ойлаймын. Қазір қолдан асылдандырса, 1000 қойдан қозы алса, ол қозылары 1 келіден қосқанның өзінде ол өзінің бағасын шығарып алады 1 жылда.

Еділбай қойының отаны – Батыс Қазақстан облысындағы мал зауытының өкілдері бұл қой тұқымына сұраныстың жылдан жылға артқанын айтып отыр. «Көрмеде Еділбай қошқары чемпион атануы біздің қуанышымызды еселей түсті», - дейді олар.

Қанат Ешімов, мал зауытының директоры:

- Енді бұл жерде бұлЕділбайды популяризация жасау. Себебі Еділбай дейтін – біздің қазақтың мақтанышы. Мынау енді Түркіменде ақалтеке мен алабай болса, біздің қазақтың бір мақтанышы осы Еділбай деп мен есептеймін. Сондықтан мына жерде қазір көп адамдар көздерінен от жанып, қызығып тұр.

Бауыржан Оспанов, көрмені ұйымдастырушы:

- Сыртқы нарыққа дайындалып барып кіруіміз керек. Сол үшін мына жаңағы өздеріңіз айтып жатқан әлемнің лидерлерін Австралиядан келіп отыр, жаңағы Канададан келіп отыр, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Өзбекстан осы жан-жақтан осыған шақырып, қатыстырып, әлемдік деңгейде аукцион конкурсын өткізіп жатқанымыз сол. Ертең құры ет ретінде емес, бірінші асыл тұқымды мал ретінде сата алатын болуымыз керек. Қазақстанда да, шетелде де. Сонда үлкен валюта келеді. Сол арқылы дамиды.

Лепсіде жыл сайын республикалық, халықаралық мал шаруашылығы көрмесін ұйымдастыру дәстүрге айналып келеді. Атбегілер тұлпарын баптап, бота тірсек, бұқа санды балуандарымыз да мұндағы жарысқа дайындықты ерте бастайды. Жорға жарыста көршілес Қырғыз елінің «Императрица» атты сәйгүлігінің бағы жанды. Топ бәйгеде Әділет Нұрбековтың «Қазынасы» алдына қара салмады. Бұл жолғы аламан бәйгенің І, ІІ, ІІІ орнын Жамбыл облысының тұлпарлары алып кетті. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген 3 миллион теңгені Меркінің сәйгүлігі «Желқара» ұтып алды.

Төребек Құрманғалиев, атбегі:

- Бұл – ұтып жүрген ат. Мынау қазір екінші бәйгесі. Өткенде Ақтаудан Нива ұттық. Бүгін, міне, сіздердің ауылдарыңызда бірінші келді. Мынау Мәди деген  баламыз – атақты шабандоз. Көрдіңіздер ғой, ең артында қалып қалды стартта. Содан қуалап-қуалап, бір болдық. Ой, көңіл күйді айтып жеткізе алмаймыз ғой. Аллаға мың да бір шүкір.

Мақсат Исақабылов, Руслан Әбдіразақов, Нұрым Сәлімгерей сияқты есімдері елге кеңінен танылған спортшылар Лепсідегі балуандар белдесуінің көрігін қыздырды. Бірақ жастың аты жас. Бұл жолы Жыландының балуаны, Лепсі спорт мектебінің түлегі Айбек Ізтілеуов жеңімпаз атанды.

Айбек Ізтілеуов, балуандар белдесуінің жеңімпазы:

- Өзімнің ауылымда, өзімнің жерімде осындай үлкен жеңіске жетіп, өте қатты қуанышты боп тұрмын. Мынау өзімнің жерлестерімді, барлығын қуанттым деп ойлаймын.

Жоңғар Алатауының баурайында өткен боз кілемдегі белдесулерден сақа спортшылардың орнын басатын лайықы ізбасарлар өсіп келе жатқанын көрдік. Олар қазір Текеліде «Қазақстан барысына» дайындалып жатыр. Бапкерлері қазақ күресінен әлем чемпионы Бауыржан Талибов екенін айта кетейік.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев.