Алматыда республикалық мобилография фестивалі мәресіне жетті

Алматыда І республикалық мобилография фестивалінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған шараға 16 жас пен 40 жас аралығындағы 7,5 мыңнан астам қазақстандық мобилограф қатысты.

Байқаудың бірінші кезеңінде 1537 жұмыс қазылардың іріктеуінен өтті. Екінші кезеңде сарапқа салынған 100 бейнероликтен үздік шыққан 20 жұмыстың авторы Нью-Йорк кино өнері академиясында тағылымдамадан өтуге жолдама алды. Ал 40 жеңімпаз ақшалай сыйлықпен марапатталса, тағы 40 қатысушыға мобилография курсын онлайн оқуға мүмкіндік берілді.

Ұзақтығы 2 минуттық бейнероликтер «Мәдениет пен салт-дәстүр», «Туризм», «Адамдар» тақырыбы бойынша түсірілді. Фестивальдің мақсаты – жастарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру және Қазақстандағы креативті индустрияны дамыту.

Назар Сәрсен, мобилограф:

- Барынша сапалы түсірдік. Тараздан бүкіл жұмысымызды тастап, осы жерге арнайы келдік. Қазір бізде мобилографтар телфонмен әдемі видео түсіргісі келеді. Бірақ олар телефонмен жақсы қылып түсіре алмайды. Яғни, короткометражный рекламный видеороликті қалай жеткізу керек, соның барлығын мен телефонға түсіріп, көрсете білдім.

Нұрлан Қоянбаев, «Дара» дарындыларды қолдау қорының президенті:

- Бұл жерде продюсер, ұйымдастырушы ретінде басты мақсатым, жастарға ұйымдастыру керек, кішкентай бір арман болсын деген сияқты. Қаржылай жағынан болсын. Жақында Нью-Йорк фильм академиясының ректорымен кездесіп, ауылды жерлерден, мысалға, Нью-Йоркке барып, сол жерде оқып, жаңағы қордың демеушілерінің арқасында осы жастарымыз өзінің орталарын табады деген ой болды.