Оралда балалардың аула клубтары комьюнити орталығына айналды

Оралда балаларға арналған аула клубтары біртіндеп комьюнити орталығына айналып жатыр.

Енді онда жасөспірімдер ғана емес, ересектер де барып, бос уақытын тиімді өткізе алады. Әсіресе зейнеткерлер үшін қолайлы. Құрылғанына аз уақыт өтсе де қызығушылық танытқан тұрғындар саны күрт артқан.

Қала іргесіндегі Круглоозерное кентінде ашылған комьюнити орталығы зейнеткерлердің сүйікті орнына айналған. Әжелер жиі келеді. Олар ансамбль құрып үлгірген. Әр келген сайын маманның көмегімен бәрі бірге жаттығу жасайды. Кейін дәстүрлі әндерді шырқап, мерекелік шаралар мен байқауларға дайындалады. 

Күләнда Ташпенова, зейнеткер:

- Біздер үнемі осы орталыққа келіп, өзіміз үлкен рухани демалып, күш жинап қайтқандай боламыз. Аптасына екі рет жиналамыз. Ең бірінші келгенде жаттығу жасаймыз. Балалардың ортасына келіп, балаша жасарып, мейлі сенбілік болса да біздер осылардың ортасында жүреміз. 

Ал бұл қала орталығындағы дәл осындай нысан. Мұнда да зейнеткерлердің шығармашылық ұжымы құрылған. Әжелер ұлттық төл туындыларды ұлықтауға ден қойған. Олар өзге аймақтарға да шығып, өнер көрсетіп жүр. 

Гүлжиян Досқалиева, зейнеткер:

- Құрамындағы әжелердің жасы 45 жастан 75 жасқа шейін. Мұнда әркім өз қалауымен сұрастырып келіп, біреу келсе екіншісін алып келіп, сонымен жаңадан құралдық. Байқауға қатысып, Ақ Жайық атынан өнерімізді көрсеткіміз келіп отыр. 

Комьюнити орталықтарында балаларға арналған жазғы еңбек лагерлері де жасақталған. Жеткіншектер мұнда бау-бақша егіп, оны күтіп-баптайды екен. Ал жиналған өнімді өздері бөлісіп алады. 

Бекзат Елемесов, оқушы:

- Огородтарына қараймын. Шөптерді жұламын. Мұнда өте күшті. Бәрі болады, бәрін үйретеді. Мұнда қызанақ, қияр, баклажан, перец-мерец. 

Қалада қазір 10 комьюнити орталығы жұмыс істеп тұр. Барлығында да тұрақты келушілер көп. Соның ішінде 400-ден астамы зейнеткер  екен. Сала мамандары мұндай орталықтардың көбейетінін айтып отыр. Әсіресе, мәдени нысаны жоқ шағын аудандарға басымдық беріледі.  

Серік Тоқмамбетов, қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің директоры:

- Қала маңында орналасқан Құс фабрикасы ауданында, сонымен қатар Сарыарқа шағын ауданында мәдени ошақ ашқымыз келеді. Қазіргі таңда ол мәселе қарастырылуда. ЖКХ дейміз, сол бөлімнен арнайы бір ғимаратты алып отырмыз балансқа. Оған бірақ күрделі жөндеу қажет етеді. Егер қаражат бөлініп жатса, 11-комьюнити орталығы болып, жылдың соңына дейін ашылып қалар деген үмітіміз бар. Ол Құрылысшы ауданында орналасқан. 

Ал бұрынғы жүйемен жұмыс істеп тұрған 9 аула клубы қалды. Енді олардың да ғимаратын жаңғыртып, бәрін комьюнити орталығына айналдыру жоспарланған.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов