Мал бордақылауға берілген несие мемлекет тарапынан субсидияланады

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан шаруашылықтарға несие беру ісін жалғастырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ оның проценттік төлемі жыл сайын өзгергенімен, ақырғы мөлшерлеме 6%-тен аспайды. Қалған бөлігін мемлекет субсидиялайды.

Талдықорған қаласының іргесінде орналасқан Матаев шаруашылық қожалығының құрылғанына 5 жыл болды. Олар негізінен мал бордақылаумен айналысады. Бұл кешеннің жалпы аумағы – 6 мың шаршы метр. Қожалық өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясынан» 230 млн теңге несие рәсімдеп, оған 852 бас ірі қара сатып алды.

Қайрат Матаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Оның ішінде өзіміздің малдарымыз бар. Сонымен бәрін қосқанда осы алаңға 1300 бас бұқа кірген. Бордақыланып, жағдайына жеткен малдар шетінен өзіміздің мына Талдықорған мен Алматы халқына сатылып жатыр.

Шаруашылық несиені 17%-тік мөлшерлемемен алған. Соның 11%-і мемлекет тарапынан субсидияланады. 

Дулат Мұхамадиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы директорының орынбасары:

- Бүгінгі таңда шаруашылық өзінің жаңағы толық қаражатты игеріп, мал санын алып, кешенді толтырып, жоба іске асқан. Несиенің мерзімі бір жыл траншпен бөлінеді. Әрбір жыл сайын жабылып, қайтадан жаңа несие алуға мүмкіншіліктері бар.

Шаруашылық «Аграрлық несие корпорациясынан» өткен жылы алған қаржысын толығымен өтеп, жақында жаңа несие желісін ашуды көздеп отыр. Оған 1500 бас мал алып, бордақыламақшы. Мал азығын өздері дайындайды. Тамшылатып суарылатын 40 га алқапқа жүгері, мың га алқапқа арпа-бидай еккен. Кешендегі 1300 бас малды бордақылауға бес-ақ адам жұмылдырылған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов.