Биыл Астанада 11 мектеп пайдалануға беріледі

Астанада биыл 28 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ білім ұяларының тапшылығы мәселесі шаһарда әлі күнге дейін өзекті. Қазірдің өзінде үш ауысыммен оқитын 8 білім ошағы бар. Жергілікті билік мәселені толық шешу үшін кешенді жоспар әзірлеген.

Астанада №59 мектеп лицейінде 4000 оқушы білім алады. Жоғарғы сынып пен орта буын әдеттегідей екі ауысымда оқыса, бастауыш сыныптар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Себебі мектептегі балалар саны тым көп. Санитарлық нормаға сай сыныпта ең көп 25 бала отыруы керек, алайда мұндағы кіші сыныптардағы бүлдіршіндер саны 36-ға дейін жетіп отыр.

Анар Апакова, бастауыш сыныптар оқу ісінің меңгерушісі:

- Биылғы оқу жылында бастауыш сыныптарға арналған ғимарат салынып жатыр. Ол ғимарат 2023 -2024 оқу жылының қырқүйек айында тапсырысқа беріледі. Ол ғимаратта 600 орындық бар. Екі ауысымда оқимыз деген үміт бар.

Жыл сайын елордада оқушылар саны шамамен 21 мыңға артып отыр. Ал салынып жатқан мектеп саны аз. Қазір елордада жалпы білім беретін 162 мектеп болса, 26 мың оқушыға орын тапшы.

Асыл Аманкельдиева, Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы:

- Елорда болған соң, жан-жақтан көшіп келетін адамдар көп. Миграцияға байланысты жылда оқушылар саны өсіп жатыр. Егер де біз 1-сыныпқа өткен оқу жылда 26 мың бала қабылдасақ, биыл оқу жылында 24 мың бала білім алды. Осылай, жыл сайын бала саны өсіп отырады.

Білім басқармасының мамандары жыл соңына дейін 11 мектеп пайдалануға беріледі деп отыр. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектептің құрылысы жоспарланған. Жүзеге асса, 17 мыңға жуық баланың білім алуына жол ашылады.

Авторлары: Айжан Комбатурова, Мейрам Жүнісов.