Елде қаржылық ұйымдардың жауапкершілігін қатаңдататын нормалар қабылданбақ

Бүгінде банктерде несие рәсімдеу әлдеқайда жеңілдеген.

Цифрлық технологиялардың көмегімен бөлімшеге бармай-ақ, телефон арқылы қарыз алуға болады. Қашықтан несие алудың кемшін тұсы да жоқ емес. Былтырдың өзінде 11 мың қаржы алаяқтығы тіркелген. Оның тең жарымы несиені заңсыз рәсімдеуге қатысты болған. Осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін жыл аяғына дейін қаржылық ұйымдардың жауапкершілігін қатаңдататын нормалар қабылданбақ.  

Астана тұрғыны Әзігүл Аренова күйеуінің алаяқтарға ұрынғанын айтады. Былтыр жұбайының атына 9 млн теңгенің үш бірдей несиесін рәсімдеп жіберген. Бір қызығы, бұған дейін жолдасының банк алдындағы өз берешегі болған еді.

Әзігүл Әренова, қала тұрғыны:

- Күйеуім Facebook-те Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарына арнайы бағдарлама ашқаны жайлы мәлімдемесін көрген. Онда сол арқылы әр азамат пайдаға кенеледі делінген. Сілтемеге басып, скайп арқылы әлдебіреулермен тілдескен. Сөйтіп оларға 100 долларын салып жіберді. Олар оған несие алып, тағы ақша қосуды ұсынған. Күйеуім, «жоқ алмаймын, менің 2 млн теңге кредитім бар» деген. Ана алаяқтар шілде айының орта шеніне дейін басын қатырған. Осыдан кейін жолдасым өз атына несие рәсімделгенін біледі.

Алаяқтардан зардап шеккендер мен салымшылардың шығындарын қаржы ұйымдары өтеуге міндеттелуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазір тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша: «мұндай норманы енгізу керек-ақ. Өйткені 2007-2011 жылдарда банк қызметкерлері жымысқы әрекетке көп барған. Қазір мұндай дерек азайғанымен қауіп әлі де бар», - дейді ол.

Мақсат Халық, экономист: 

- Мысалға ауылдан он шақты адамды алып келеді де сіздерге банк осындай бонус беріп жатыр деп әрқайсысына 50 мың ұстатып келісім шартты млн теңгеге дейін жасатып әрқайсысының қаражатын қалтасына басқан азаматтар болған. ондай кезде әрине ондай маманды ұстап отырған банктің өзі жауап беру керек. Банк тарапынан шығынды өтеу керек дегенге негіз бар.

Сот қылмыстық заимдарды кешіру туралы үкім шығарады. Алайда ол үшін азаматтар алдымен ол ақшаны алмағанын дәлелдеуі тиіс. Банктерге қойылатын талаптар биыл қайта қаралмақ. Дегенмен, мұндағы жауапкершілікті қатаңдату аздық етеді, дейді банк істері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.  

Нұржан Бияқаев, банк істері жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

- Мұндай деректерді дәлелдеуге өте көп уақыт қажет. Аудан, бірінші, екінші инстанциядағы соттар шын мәнінде зардап шеккен адамдарды қандай жағдайда қалғанын түсіне бермейді. Сондықтан заңға ұсынылып отырған өзгертулерде сот үкімімен әділдікке қол жеткізу соншалықты оңайға соқпайтын болады. Құқығын қорғау қиын болғанымен, азаматтар бәрібір де сотқа дейін жетуі үшін мың құжат жинауы тиіс.

Отандық банктер биометрияның көмегімен клиенттерді қашықтан сәйкестендіруді енгізіп жатыр. Небір қитұрқы әрекетке баратын алаяқтарға бұл тоқтау болады. Қаржы нарығын реттеуші орган да киберқылмысқа қарсы күресті күшейтуге кіріскен. Өйткені азаматтарға түрлі телефон нөмірлерінен хабарласып, ақшасын жымқыруға ұмтылатындар көп.

Дмитрий Акмаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бөлім басшысы:

- Микроқаржы ұйымдары екі деңгейлі сәйкестендіруді ескеріп, электронды қолтаңбаны тексеріп, немесе Ұлттық банктегі ақпарат алмасу орталығының мәліметтер базасындағы ақпаратқа қарап тексеруді міндеттейміз. Себебі онда барлық операциялардың ақпараты сақталады. Нәтижесінде қаржы нарығын реттеу органына түсетін шағым саны 1,5 жылдың ішінде 1100-ден 150-ге дейін азайды.

Алаяқтар рәсімдеген несиенің қаншасы кешірілетіні әлі беймәлім. Қазір қаржы нарығын реттеуші орган меморандум әзірлеп жатыр. Екінші деңгейлі банктермен осы құжат арқылы келісімге келу көзделіп отыр. Ал зардап шеккен салымшылардың шығынын өтеу туралы заңға өзгертулер жыл аяғына дейін Парламентке енгізілмек.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Артур Горшняков