Оралда ерлі-зайыпты домбыра жасаумен айналысады

Кәсіп иелері үйдің ауласында шеберхана ашып, күнделікті тұрмыс-тіршілігін жасап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – шебер Сансызбай Ахметовтың қолынан шыққан домбыралар. Әрқайсысының пішіні мен дыбысында ерекшелік бар. Ағаш ұстасы бір кездері театрда белгілі күйші Едіге Нәбиевпен әріптес болған екен. Сол жылдары өнер адамынан қазақтың төл аспабын жасау техникасын жетік меңгеріп алыпты. Қазір өз шеберханасын жасақтап, оны тұрақты кәсібіне айналдырған. Мұнда көне үлгідегі домбыралардың сан түрін көруге болады.

Сансызбай Ахметов, шебер:

- Мынау да – сол сал-серілердің домбырасы. Тұпнұсқасы емес, шамамен өзім жасағаным. Мынау бір ерекшелігі, кішкентай, сосын дыбысы, міне. Бұл жиналмалы домбыра дейді. Қазір көрсетейін. Бұрында аталарымыз шебер болған ғой мықты. Мына жері алынады. Осылай етіп бүктеп салып алып киізқаппен, аттың үстінде шауып, домбыра тартар кезде домбырасын осылай алып, мына жерде екі шегесі бар, ағаш шегемен қыстырып қояды. 

Шеберге әйелі Дина қолғабыс қылып жүр. Алғашында ағаш бөлшектерді желімдеуге ғана көмектессе, қазір шанақтарды иіп, тіпті домбыраның негізгі қаңқасын құрастыруды да үйреніп алған екен.

Дина Құспанова, шебердің жұбайы:

- Пешім бар, пешке ием. Пешпен істеуді үйретті. Одан кейін осылай иіп, оның формаларын келтіремін кесіп-кесіп. Маған қиын емес. Мен кішкентайымнан домбыра, музыка тыңдап өскенмін. Әкем де ән айтып, күй тартады. Кәсіби білімім, иә, мен пед.колледжде музыка саласын бітірдім. Шамалы жұмыс жасадым мұғалім болып, музыкадан бердім.

Шеберханада айына 10 шақты домбыра жасалады екен. «Өйткені ең әуелі санға емес, сапаға мән береміз», - дейді олар. Аспапты қайың, емен, қарағай ағаштарынан жасайды. Материалдарды өзге өңірлерден және көрші елден алады екен. Ұлттық домбыра күніне орай ерлі-зайыпты шеберлер музейге ерекше сый тарту еткелі жатыр.

Дина Құспанова, шебердің жұбайы:

- Бұл – Махамбет Өтемісұлының домбырасы. 12 пернеден тұрады. Қазіргілер 7 шанақ, кішкене күмбез болып келсе, бұлар 5 шанақ болғасын кішкентайлау. Басқа домбыраларға қарағанда жеңіл. Кішкентай, жеп-жеңіл. Едіге ағайдың айтуымен түпнұсқасына қарап шығарғанбыз. Мұны музейге тапсыратын болып, істеп жатырмыз. Даусы күмбірлеп шығып тұр.

Күйші Едіге Нәбиев те ұзақ жыл бойы домбыра жасады. Қазір жолын өзінің шәкірті қуып, ізін жалғастырып жатқанын мақтан етеді.

Едіге Нәбиев, күйші:

- Домбыраның ағаш кесуінен бастап, арғы жағындағы бүкіл бәрін үйреніп, енді жолдасы да үйреніп алды. Домбыра жасау несі жақсы деп айта аламын. Неге десеңіз, ұқыпты, жұмыскер, табанды. Отырып шаршамай жұмыс істейді. Ерғалидің домбырасын, сосын Махамбеттің домбырасын жасап жатыр. Жақсы. Мен жақында барып қарап, тартып кеттім.

Білікті ұстаздан тәлім алған Сансызбай Ахметов енді өзі де ұстаздық етіп жүр. Қазірдің өзінде Бөрлі мен Бөкей Ордасы аудандарында 2 шәкірті қазірдің өзінде домбыра жасаумен айналысып жүр. Тағдырлары домбыраның қос ішегіндей үндескен ерлі-зайыпты шеберлер тағы да шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов.