Арқалықта былтыр салынған жаяу жүргінші жолы бұзыла бастады

Арқалықта былтыр ғана салынған жаяу жүргінші жолы биыл ыдырап, бұзыла бастады.

Бір жарым шақырымдық жолдың өне бойы ойқы-шойқы. Жергілікті әкімдік мердігерді сотқа берген екен. Бірақ одан әзірге нәтиже жоқ.   

Ұзын көше бойына алты ай бұрын төселген жаяу жүргінші жолының бүгінгі сиқы мынау. Ойдым-ойдым, кеспе тастардың шеті кертіліп, құлап жатыр.100942 Мұны салған жол құрылысынан еш хабары жоқ, орашолақ адам ба дерсің. Жергілікті бақылаушы органдардың да қалай байқамағандығы тағы таңқалдырады. 

Қайырбеков көшесінің бойында жаяу жүргінші жолын салу көптен көтеріліп жүрген мәселе еді. Соның былтыр сәті түсіп, бюджеттен 26 миллион тенге бөлінген. Тендрді ұтып алған қарағандылық компания жол құрылысын тамыз айында бастап, желтоқсанда аяқтапты. Оның тез тозуына кеспе тастың қыста төселуі себеп болды-дейді жергілікті тұрғындар.

Қанат Әлімбаев, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Ақша кеш бөлінді деп айтады әкімшілік. Яғни күз уақытында бөлінгендіктен, бұл құрылысты күзде бастады бұл кісілер. Және қыста аяқтап, қар жауған кезде, брусчатканы салды. Сәйкесінше ол, жаңағыдай салған полотнолары көктем айларында түсіп, брусчатканың жалпы сапасыз екенін көрсетті.

Қалалық әкімдік мердігерге олқылықты жоюды сұрап, бір емес, екі рет нұсқама жіберген. Оған құлақ аспаған соң, сотқа беріпті. Жолды қайта салу жөнінде соттың шешімі де шыққан. Ол шілденің 7-де заңды күшіне енеді. Ал мердігер болса, «ананы-мынаны сылтауратып, әлі күнге созбаққа салып келеді», - дейді әкімдіктегілер.  

Асылхан Қуанышбаев, Арқалық қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Біз өз тарапымыздан күнделікті мердігер ұйымға звондаймыз. Қашан келесізде, бастайсыздар ма, осы жақта істейтін жігіттер бар, сол кісілермен сөйлесулеріңізге болады, даже келмесеңдер. Сол кісілерге істеткізіңдер жұмыстарыңды. Иа, иа, келеміз, күнде ертең. Кейде трубкаларын алмайды, кейде келеміз деп обещать етеді келмейді.

Келісім-шарт бойынша мердігердің  ақауды жоюға екі жылдық кепілдік мерзімі бар екен. Сондықтан келіп қалар деп, әлі де үміт артып отыр мұндағылар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг