СҚО-да 11 мәдениет нысаны жөнделеді

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында мәдени нысандарды жөндеуге 1 млрд теңге бөлінді.

Өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ескірген клубтар қалпына келтіріліп жатыр. Солардың бірі – шалғайдағы Червонное ауылында орналасқан. Биыл өнер ордасының шатыры, есік – терезелері мен көрермен залы жаңартылды. Сонымен қатар жарық, жылу, кәріз жүйесі толық ауыстырылды. Енді мұнда әр мереке сайын түрлі концерттер ұйымдастырылады. Жаңа үйірмелер ашылды. Ал оқырман үшін кітапхана жұмыс істейді.

Гүлнәр Күшігүлова, ауыл клубының меңгерушісі:

- Әрине, бұрынғы клубымыздың жағдай өте нашар еді. Қазір бәрі басқаша. Мәдениет ошағына адамдар да көп келетін болды. Енді бұл жерде өнер көрсету тіпті керемет.

Наталья Синдякова, Ғабит Мүсірепов аудандық мәдениет үйінің директоры:

- Қазір Привольное ауылының мәдениет үйі жөнделіп жатыр. Ол ғимарат бұзылып тұрған. Енді оны қалпына келтіруге 230 млн теңге бөлінді. Биыл Будённое ауылының мәдени ошағы да жаңартылады.