Реновация бағдарламасы: Оралдағы ескі үйлер қайта жаңғырады

Оралда 54 көппәтерлі тұрғын үй апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында тарихи-мәдени мұра ретінде сақталып келген бір ғимарат да бар. Ескірген үйлерде адам тұрып жатыр. Ендігі үміт мемлекеттік реновация бағдарламасында. Биыл жоба аясында 4 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Қалғандары өз кезегін күтіп тұр.

Бұл ғимарат ХІХ ғасырда салынған екен. Бір кездері мұнда Чапаев дивизиясының штабы орналасқан. Офицерлер клубы да болған. Бертін келе тұрғын үй ретінде қолданысқа беріліпті. Осы күнге дейін тарихи-мәдени мұра ретінде қорғалып келген.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Ал қазір ғимарат апатты деп танылды. Төбесі ортасына түскелі тұр. Міне, кіреберістің өзі опырылып жатыр. Мұнда тұрып жатқан отбасылар осындай қауіп пен үрей арасында күнелтуге мәжбүр.

Надежда Меликова, қала тұрғыны:

- Шатыр қирап қалды. Үйдің ішіне топырақ түсіп жатыр. Жаңбырлы күні су сарылдайды. Бөлмеде жатып-тұруға қолайлы орын қалған жоқ.

Иван Короновский, қала тұрғыны:

- Үйдің жағдайы қорқынышты. Қабырғалары жарылып тұр. Іші суық. Қыста жылыту мүмкін емес.

Әкімдік өкілдері бұл ғимаратты сүру туралы шешім қабылданғанын айтты. Реновация бағдарламасы аясында осы жерге келер жылы жаңа баспана салынатын болды.

Бағдат Рафаил, қалалық реновация бөлімінің басшысы:

- Бұл тарихи деп саналғандықтан, оны баланстан шығару ұзаққа созылды. Қазіргі таңда мердігермен келісімге қол қойылды. Құжаттарды толықтай жинастырып, уже бұл үйді бұзуға жіберіп, әрі қарай осы жерден үй салып, пәтерлер бұрынғы тұрғындарға кері беріледі. Құрылыс уақыты 18 айға келісілді.

Қалада қазір 4 апатты үйдің орнына жаңа ғимараттар салынып жатыр. Солардың бірі Абай даңғылында орналасқан.

Ержан Әжібаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Бесінші қабаты қаланып жатыр жардың. Соңғы кезең. 4 подъезд, 88 пәтерлі үй болады. Материал бәрі жеткілікті, келіп жатыр. Уақытында бітеді деп ойлаймыз.

Ал қалған ескі үйлер әлі кезек күтіп тұр. Соның ішінде біразының ауласы тар болғандықтан, құрылыс компаниялары қызығушылық таныта қоймайды екен. Мамандар саладағы мәселені кезең-кезеңімен шешу жоспарланғанын жеткізді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.